Франция соты президент Эммануэль Макронның жары Брижит Макронды желіде қорлап, кибербуллинг жасаған 10 адамға қатысты үкім шығарды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Le Monde басылымына сілтеме жасап. Сотталғандар интернетте Францияның бірінші ханымын «ер адам болып туған» деген жалған ақпарат таратып, ар-намысына тиетін жазбалар жариялаған.
Сот үкіміне сәйкес, бір адам нақты түрме жазасына кесілсе, тағы сегізі шартты жазаға тартылды. Айыпталушылардың барлығы 41 мен 65 жас аралығындағы сегіз ер және екі әйел адам.
Олар әлеуметтік желілерде Брижит Макронды трансгендерлік болмысқа жатқызып, күйеуімен арасындағы 24 жас айырмашылығын педофилиямен байланыстырған. Сот бұл жазбаларды «аса қорлаушы, намысқа тиетін әрі әдейі арандатушылықпен жазылған» деп бағалады.
Бірінші отбасы төңірегіндегі дау
Сегіз айыпталушы төрт айдан сегіз айға дейінгі шартты мерзімге сотталды. Бір ер адам сот отырысына келмегені үшін алты ай нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды. Барлығы да интернеттегі өшпенділіктің алдын алуға арналған арнайы курстан өтуге міндеттелді.
Сондай-ақ, желідегі кибершабуылдардың негізгі үш ұйымдастырушысына әлеуметтік желілерді алты ай бойы пайдалануға тыйым салынды.
– Істегі ең маңызды дүние кінәлілердің әлеуметтік желідегі аккаунттарын уақытша бұғаттау және олардың арнайы профилактикалық курстан өтуі, – деді сот шешімінен кейін Брижит Макронның адвокаты Жан Энноки.
Прокуратура бұл істе ең қатаң жазаны әлеуметтік желілерде «Зои Саган» деген атпен танымал 41 жастағы Орельен Пуарсон-Атланға сұраған еді. Оған сегіз ай шартты мерзім және аккаунттарын алты айға бұғаттау жазасы тағайындалды. Сотта Орельен өз әрекетін «сатира» деп түсіндірген.
Кеңінен танымал тағы бір айыпталушы 56 жастағы галерея иесі Бертран Шоллер соттың бұл әрекетін «өз ой еркіндігіне қарсы күрес» деп бағалады. Сот шешімімен ол алты ай шартты жазаға тартылып, әлеуметтік желідегі парақшалары алты айға бұғатталды.
Бұған қоса, айыпталушылар арасында өзін «медиум» деп жариялаған 51 жастағы Дельфин Ж. да бар. Ол «Амандин Рой» деген атпен танымал. 2022 жылы Брижит Макрон дәл осы әйелге қарсы жеке арыз түсірген еді. Сот Дельфин Ж.-ға алты ай шартты жаза тағайындап, желідегі аккаунттарын жарты жылға бұғаттау туралы шешім шығарды.
Эммануэль Макрон мен Брижит Макрон арасындағы жас айырмашылығы қоғамның назарын үнемі аударып келеді. Олар алғаш рет Эммануэль Макрон мектепте оқып жүрген кезінде, Брижит театр өнерінен сабақ берген кезде танысқан. Осыдан бері, әсіресе Макрон президент болып сайланған 2017 жылдан бастап, олардың қарым-қатынасы жұртшылық арасында қызу талқыланып жүр.
Ал қазақ елінде депутат Асхат Аймағамбетов дәрігерге қол көтергендерге жазаны күшейтуді ұсынды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

