Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі алдағы референдумның еліміз үшін де, әрбір азаматымыз үшін де маңызы айрықша зор. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, референдумға дайындық өте қарқынды әрі жүйелі түрде жүріп жатыр. Мемлекеттік органдар мен Орталық референдум комиссиясы барлық заң талаптарының қатаң сақталуын және дауыс беру процесінің ашық, әділ өтуін қамтамасыз етуде.
– Бұл референдум тарихи маңызы бар оқиға. Мемлекеттік органдардың негізгі міндеті дауыс беруге қолайлы жағдай жасау, сайлау учаскелерінің жұмысын реттеу және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да барлық мүмкіндікті қамтамасыз ету, – деді Айбек Дәдебай.
Президент Әкімшілігінің Басшысы Конституция жобасын дайындауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша еңбек еткенін айтты.
– Президент жаңа Конституцияның мәтініне ерекше мән беріп, азаматтар мен сарапшылардан келіп түскен әр ұсынысты жеке өзі мұқият оқып, терең зерделеді. Соңғы алты айда кемінде аптасына бір рет Парламенттік реформа бойынша жұмыс тобының, Конституциялық комиссияның жетекшілерімен кездесіп, жобаны жан-жақты талқылады. Бұл кездесулер кейде бір сағаттан да ұзақ уақытқа созылды. Осыдан-ақ жұмыстың қаншалықты қарқынды әрі мұқият жүргізілгенін байқауға болады, – деді ол.
Сондай-ақ Айбек Дәдебай Президенттің жұмыс кестесі тығыз болса да, жаңа Конституция жобасының мәтінімен жеке өзі, тіпті түнгі уақытта да жұмыс істегенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Конституция мәтінімен жеке өзі айналысты, бұл жұмыстың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Жаңа Конституция мәтінінде Президентіміздің саяси бағытының басты қағидаттары, мемлекет пен қоғамның даму жолына қатысты ұстанымдары анық көрініс тапқан. Сол себепті, Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа Конституциямыздың басты авторы екені даусыз, – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.
Таяуда Астанада жаңа Конституциясы жобасы «Qazaqstan» телеарнасының әлеуметтік желідегі платформаларында және «Хабар» телеарнасының YouTube-арнасында талқыланып, тікелей эфирде көрсетілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







