Қытай жартылай өткізгіштер индустриясында үлкен серпіліс жасап, алғаш рет отандық аса жоғары ультракүлгін (EUV) литография қондырғысының прототипін әзірледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл технология осыған дейін Қытайдың қолы жетпейтін, тек Нидерландтағы ASML компаниясының қолында болған озық өндіріс жүйесі саналып келген еді.
Қытайдың технологиялық секірісі
EUV-литография қазіргі таңда ең жетілдірілген компьютер чиптерін өндіруге қолданылатын күрделі технология. Бұған дейін АҚШ және оның одақтастары бұл технологияның әскери және жасанды интеллект саласында қолданылуы мүмкін екенін алға тартып, Қытайдың оған қол жеткізуіне жол бермеу үшін түрлі шектеулер қойып келген болатын.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Қытай инженерлері осындай шектеулерге қарамастан, толықтай жұмыс істейтін EUV қондырғысының прототипін жасап шығарған. Қазіргі уақытта ол қауіпсіздігі жоғары зертханада сынақтан өткізіліп жатыр.
Бұл жаңалық жартылай өткізгіш индустриясының көптеген мамандарының болжамынан әлдеқайда жылдам орындалған. Бұған дейін биыл ASML компаниясының басшысы Кристоф Фуке «Қытайға EUV деңгейіне жету үшін көп жылдар қажет болады» деп мәлімдеген еді. Қытайлықтардың қысқа мерзімде прототип құруы осы болжамнан әлдеқайда озық шыққанын білдіреді.
EUV-литография әлемдегі ең күрделі технологиялардың бірі. Оның жұмыс істеу принципі қуатты лазер сәулесінің сұйық қалайының микроскопиялық тамшыларына бағытталуынан тұрады.
Осылайша аса жоғары ультракүлгін сәулесі пайда болып, арнайы айналар жүйесі арқылы кремний пластинасына проекцияланады. Бұл әдіс микроскопиялық деңгейде чиптердегі схемаларды жазуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде чиптер бұрынғыдан да жылдам, ықшам әрі энергия тиімділігі жоғары болады.
Чиптер соғысындағы тосын жүріс
ASML компаниясы EUV технологиясын жасау үшін 17 жыл уақыт пен алты миллиард еуродан астам қаражат жұмсап, алғашқы коммерциялық қондырғыны тек 2019 жылы нарыққа шығарған. Мұндай бір ғана қондырғының құны шамамен 250 млн долларды құрайды және ол шағын зауыттың аумағын алып тұрады.
Ақпарат көздерінің дерегінше, Қытайдағы EUV жобасы мемлекеттік зерттеу институттары, университеттер мен ірі технологиялық компаниялардың бірігіп атқарған ауқымды жұмысының нәтижесі.
Бұл жұмыстардың орталығында Қытайдағы жартылай өткізгіштер өндірісінің көшбасшысы Semiconductor Manufacturing International Corporation (SMIC) компаниясы тұр. Қытай инженерлері ескі литография жабдықтарын зерттеп, әлемдік нарықтардан қосалқы бөлшектер сатып алып, ұзақ жылдар бойы жинақталған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін қолданған.
Қазіргі уақытта Қытайда жасалған EUV-прототип жұмысқа дайын және аса жоғары ультракүлгін сәулесін шығаруға қабілетті. Дегенмен әзірге оның көмегімен жаппай қолданысқа арналған чиптер шығарылмаған. Ақпарат көздерінің бірі бұл жобаны Қытайдың жартылай өткізгіштер саласындағы «Манхэттен жобасына» теңеп, жобаның аса жоғары құпиялылық жағдайында іске асырылғанын атап өтті.
Қытайлықтардың құпия технологиясы
Қытай үкіметі EUV технологиясына негізделген чиптерді өндіруді 2028-2030 жылдары жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұрын Батыс сарапшылары бұл мақсатқа жету үшін Қытайға кемінде он жылдан астам уақыт керек деп болжам жасаған еді.
Жартылай өткізгіштерге қатысты бұл жаңалық әлемдік технологиялық бәсекенің күшейген кезеңінде орын алып отыр. Әлемде жасанды интеллект технологиясының қарқынды дамуы чиптерге деген сұранысты арттырды. Олар деректер орталықтарында, смартфондарда, электромобильдерде және әскери жүйелерде кеңінен қолданылады. Сондықтан көптеген елдер жартылай өткізгіштер өндірісін өздерінде дамытып, чиптермен қамтамасыз ету тізбегін бақылауға күш салып жатыр.
Қытайда Huawei компаниясы SMIC-пен бірлесіп, технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін отандық чип өндірісін белсенді дамытуды қолға алған. Ал АҚШ CHIPS және Science Act заңы аясында жүздеген миллиард доллар қаржы бөліп, өзіндегі жартылай өткізгіштер өндірісін жандандыруда.
Барлық экспорттық шектеулерге қарамастан, Қытай үкіметі осы салаға тұрақты қаржы құйып, отандық мамандарды даярлауды жалғастыруда. Бұған дейін ASML өз зияткерлік меншігін мұқият қорғайтынын мәлімдеп, коммерциялық құпияларды ұрлау фактілері бойынша бірнеше рет сотқа жүгінген болатын. Қытайдың бұл саладағы жетістігі өз күшіне сенген, ұзақ мерзімді стратегияның жемісі екені анық байқалады.
Биылдың өзінде Қытайдың 150 стартапы әлемдік «единорогтар» тізіміне енген болатын.

