Қазақ футболдың ардагері, «Қайрат», «Қайсар» клубтары мен ұлттық құрамада өнер көрсеткен Марат Есмұратов 65 жасында өмірден өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Марат Жалғасұлы Есмұратов ойыншылық мансабында Қазақстан премьер-лигасында 265 матчқа қатысып, ұлттық құрама сапында 7 кездесу өткізген. Футболшы ретіндегі мансабын аяқтағаннан кейін бапкерлік қызметпен айналысты.
«Қазақстандық футболдың ардагері, еліміздің футболын дамытуға зор үлес қосқан Марат Жалғасұлы Есмұратов 65 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қазақстан футбол федерациясы марқұмның отбасы мен жақындарына, барша футбол қауымдастығына қайғыра көңіл айтады», – делінген Қазақстан футбол федерациясының хабарламасында.
Қызылорда футболының түлегі Есмұратов спорттық мансабының басым бөлігін Алматының «Қайратында» өткізіп, 1992 жылы елдің алғашқы чемпиондарының бірі атанған еді. Бұдан кейін ол «Ақтөбелік», Шымкенттің «СКИФ-Ордабасы», Ақтаудың «Мұнайшы» және өзге де клубтардың сапында доп тепті. Бүгінде «Ақтөбелік» клубының мұрагері «Ақтөбе» футбол клубы да марқұмның туыстарына көңіл айтты.
Transfermarkt ақпаратына сүйенсек, Марат Есмұратовтың бапкерлік қызметтегі соңғы клубы «Алтай». Оның ресми қайтыс болу себебі айтылмағанымен, БАҚ мәліметтеріне қарағанда, марқұм инфаркт салдарынан өмірден озған болуы мүмкін.
Айта кетсек, бұған дейін «Қайрат» футбол клубы академия басшысы және Қазақстан жастар құрамасының (U-19) аға бапкері Кирилл Кекердің қайтыс болғанын хабарлаған еді.
Айтпақшы, Qazaq Stroy құрылыс компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубына инвестор болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

