Елордада Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай еске алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Батырдың рухына тағзым етуге арналған шараға «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, елорданың белсенді жастары, «Астана жастары» орталығының еріктілері және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында қатысушылар батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен оның ерлігіне құрмет білдірді.
«Жас сарбаз» қозғалысының мүшесі Олжас Самархан осындай іс-шаралар жастар бойында азаматтық жауапкершілікті арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.
– Біз үшін Бауыржан Момышұлы сияқты тұлғаны есте сақтау өте маңызды. Оның өмірі Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі. Батырдың қайсарлығы мен ұстанымдары бізді шешім қабылдай білуге, өз құндылықтарымызды қорғауға үйретеді. Осындай шаралар арқылы біз тарихқа құрметпен қарап, болашақтағы орнымызды айқындай аламыз, – деді ол.
Айта кетейік, тарихи тұлғаларға арналған мұндай шаралар жас ұрпақтың патриоттық сезімін күшейтіп, олардың ел тарихына деген құрметін нығайтуға ықпал етеді.
Күні кеше ғана Президент Тоқаев даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын берген болатын.

