Қанның қалыпты сұйықтық деңгейінде болуы, адам ағзасының дұрыс жұмыс істеуі үшін аса маңызды. Қан тым қоюланған жағдайда ағзада түрлі аурулар, соның ішінде инфаркт, инсульт сияқты ауыр сырқаттар пайда болуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қанның қоюлануына қандай себептер әсер етеді?
Қанның сұйықтық деңгейіне әсер ететін факторлар өте көп. Оған ағзадағы су мөлшерінің жеткіліксіздігі (дегидратация), аз қозғалысты өмір салты, никотин мен алкоголь, кейбір дәрілік заттарды ұзақ қабылдау, атеросклероз, тұмау, бауыр мен бүйрек аурулары, сондай-ақ күйзеліс және қант диабеті секілді аурулар себеп болады.
Қоюланған қан уақыт өте келе тамыр ішінде тромбтың (қан ұйығының) пайда болуына әкелуі мүмкін. Бұл жүрек-қан тамырлары жүйесіне үлкен қауіп төндіреді.
Қандай белгілерге назар аудару керек?
Қанның қоюлану белгілерін адам көбінесе бірден байқамайды. Сондықтан мұндай жағдай көбіне профилактикалық тексерулер кезінде анықталып жатады. Дегенмен мына белгілерге назар аудару керек:
жиі бас ауруы;
созылмалы шаршау;
ентігу және жүрек соғысының жиілеуі;
тері түсінің өзгеруі (көгеріп тұру);
дененің салқынға сезімталдығының артуы және аяқ-қолдың суық болуы.
Қанның қоюлануын дәрігер ғана нақты анықтап, оның алдын алу шараларын ұсына алады. Алайда күнделікті өмірде дұрыс тамақтану, сұйықтықты жеткілікті тұтыну және физикалық белсенділік арқылы да қанның сұйықтық деңгейін қалыпты ұстауға болады.
Дұрыс тамақтану денсаулық кепілі
Қанның қалыпты сұйықтығын сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі – дұрыс тамақтану. Мысалы, күнделікті рационыңызға омега-3 май қышқылдарына бай тағамдарды қосу маңызды. Оларға майлы балық түрлері (албырт, скумбрия), жаңғақ және дәнді дақылдар жатады. Омега-3 майлары зиянды холестерин деңгейін төмендетіп, қанның сұйықтық қасиетін жақсартады.
Сонымен қатар Е дәруменіне бай көкөніс пен жеміс-жидектерді (авокадо, киви, қызанақ, шпинат, брокколи) тұтыну керек. Е дәрумені ағзадағы қан ұюының алдын алуға көмектесетін антиоксидант болып табылады.
Салицилаттарға бай көкөніс-жемістер де қанның қалыпты сұйықтық деңгейін ұстап тұруға көмектеседі. Оларға қияр, қызанақ, өрік, қызыл жүзім және цитрус жемістері кіреді.
Керісінше, қызыл етті, тәттілер мен фастфудты көп тұтыну қанның қоюлануына ықпал етеді. Сондықтан мұндай тағамдардың көлемін шектеген дұрыс.
Сұйықтықты жеткілікті ішу
Қанның негізгі бөлігі сұйықтықтан тұрады. Сол себепті күніне 1,5-2 литр сұйықтық тұтыну қажет. Бұл көрсеткіш ағзаның жағдайы, жас ерекшелігі мен күн райына байланысты өзгеруі мүмкін.
Жасыл шай, табиғи шырындар сияқты сусындар ағзаға пайдалы заттар беріп, қанның сұйықтығын қалыптастырады. Ал қант пен кофеині көп сусындар, керісінше, ағзаны сусыздандыруға әкелуі мүмкін.
Физикалық белсенді өмір салтын ұстану
Қан айналымын жақсарту үшін спортпен тұрақты түрде шұғылдану маңызды. Міндетті түрде спорт залында ауыр жаттығулар жасаудың қажеті жоқ. Аптасына кемінде 150 минут жаяу жүру, жүзу немесе йогамен айналысу жеткілікті. Мұндай жаттығулар қан айналымын жақсартып, жүрек-қан тамырлар жүйесін нығайтады.
Бұл уақытты аптаның бірнеше күніне бөліп тастауға болады, мысалы, аптасына бес күн, күніне 30 минуттан айналысу жеткілікті.
Осы қарапайым қағидаларды ұстансаңыз, қанның сұйықтығын дәрі-дәрмексіз-ақ қалыпта ұстауға болады. Дегенмен профилактикалық тексерулерге уақтылы барып тұру қан тамырларының саулығын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







