12 қаңтарға қараған түні Астана қалың қардың астында қалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бір ғана түннің өзінде елорда көшелерінен 18 мың текше метрден астам қар шығарылған. Ол үшін ауыр техника 1 277 рет рейс жасаған.
Таң атысымен қар тазалауға 3 мың жұмысшы мен 2 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Алдымен ірі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін жолдар тазаланды. Артынша аулалар, жаяу жүргіншілер жолы, аялдамалар мен алаңдар қардан аршылды.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолдар мен тротуарларға техникалық тұз себіліп жатыр.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын сақтыққа шақырып, ауа райы қолайсыз кезде алыс сапарға шықпауды сұрайды.
«Көшеде барынша абай болыңыздар. Жол ережесі мен қауіпсіздік шараларын мұқият сақтауды өтінеміз», – деп ескертті әкімдік өкілдері.
Синоптиктер бүгін елордада жел екпіні секундына 20 метрге жететінін хабарлаған болатын. Ауа температурасы түнде де, күндіз де 0-2 градус аралығында сақталады. Ал ертең, 13 қаңтар күні сынап бағанасы бірден -15 градусқа дейін төмендейді.
Бұған дейін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қар тазалау жұмысына жұмсалатын қаражаттың айтарлықтай қысқарғанын айқан. Оның сөзінше, жауын-шашынсыз өткен әрбір тәулік коммуналдық қызмет шығындарын 50-100 млн теңгеге дейін төмендетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

