Бүгін Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бесінші отырысында «Әділ сөз» халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова ойын ортаға салды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, сөз бостандығының конституциялық деңгейде бекітілуі азаматтарға маңызды шешімдер қабылдауда объективті, толық әрі шынайы ақпарат алуға мүмкіндік береді.
– Сөз бостандығы мемлекет үшін де аса қажет құндылық. Себебі ол жүйелі қателіктерден сақтайтын тиімді құрал бола алады. Конституцияның жаңа редакциясында сөз бостандығы құқықтың үстемдігі мен «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын сақтаудың негізгі шарттарының біріне айналады, – деді Қарлығаш Жаманқұлова.
Ол жаңа Конституция сөз бостандығымен қатар шығармашылық еркіндік құқығын да қорғайтынын айтты.
– Шығармашылық еркіндігі тек көркем әдебиет пен өнер саласын ғана емес, ғылыми және техникалық салаларды да қамтиды. Осы құқықтардың кепілі ретінде зияткерлік меншікті қорғау ерекше маңызға ие. Бұл әсіресе цифрлық технологиялар қарқынды дамыған заманда аса өзекті, – деді қор президенті.
Сонымен қатар, ол ақпаратты алу және тарату құқығы басқа адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетіне, қоғамдық мораль мен қоғамдық тәртіпке зиян келтірмеуі керек екенін атап өтті.
– Конституцияда бұл құқықтарға шектеу тек нақты және түсінікті мақсаттар үшін ғана қолданылатыны жазылады. Сондай-ақ, цензураға нақты тыйым салынатыны ерекше маңызды, – деп түйіндеді Қарлығаш Жаманқұлова.
Айтпақшы, елімізде неке мен отбасы құндылықтары, сондай-ақ адамның негізгі құқықтары конституциялық деңгейде күшейтілетін болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

