Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қозғалған қылмыстық іс ресми түрде тоқтатылды. Бұл туралы оның адвокаты Мейірман Шекеев әлеуметтік желіде жария етті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы уақытқа дейін Қаржаубай Нұрымовтың айналасында түрлі алыпқашпа әңгімелердің тарап, істің соңы қалай аяқталатыны туралы болжамдар көбейген еді. Тіпті кейбір адамдар оның сотталатынына сенімді болып, отбасын қаралап, тікелей эфирлерде ашық пікір білдірген.
– Үнсіздігімізді басқаша түсініп, Қаржаубайдың міндетті түрде сотталатынын айтып жүрген адамдар көп болды. Алайда біз істің ақ-қарасын ажыратып, әділеттілікке қол жеткіздік, – дейді адвокат Шекеев.
Айта кетейік, қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы, 1-бөлігінің 12-тармағы бойынша тоқтатылған. Бұл шешімде жәбірленуші тарап полиция қызметкерлерінің де адамгершілік танытып, оң көзқарас білдіргені маңызды рөл атқарған.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың желтоқсанында Нұрымовқа қатысты «бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Ол 16 жастағы Шерзат Полаттың қайғылы қазасынан кейінгі оқиғаларға байланысты әкімшілік қамауға алынған болатын.
Қаржаубай Нұрымовтың қорғаушылары бұл шешімді үлкен жеңіс ретінде бағалап, оның ендігі өмірі ашық әрі әділетті боларына сенімділік білдіріп отыр.
Айтпақшы, Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында медицина саласын қаржыландыру мен бақылаудың жаңа моделін таныстырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

