Қазақстанда қан донорларына берілетін өтемақыны арттыру туралы ұсыныс жақын жылдары қолдау таппайды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс депутаттары донорлыққа төленетін қазіргі 983 теңгені (0,25 АЕК) 1–1,25 АЕК-ке дейін көтеріп, «Құрметті донор» мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын. Бірақ Қаржы министрі Мәди Тәкиев бастаманы орындауға қаражат жоқ екенін ашық мәлімдеді.
«Мұндай әлеуметтік бастамалар қосымша шығындарды талап етеді. Ал қазіргі кезде, 2028 жылдың соңына дейін, қосымша қаржыландыруды қажет ететін жаңа әлеуметтік шараларға мораторий енгізілген. Сондықтан донорларға қаржылай емес, басқа да ынталандыру жолдарын қарастыру қажет», – деді министр.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов 2026–2028 жылдарға арналған бюджетті әзірлеу кезінде донорларға төленетін өтемақыны ұлғайту мүмкіндігін қарастыруға уәде берген еді. Үкімет «Құрметті донор» белгісінің жаңа үлгісін дайындап, нормативтік актілерге өзгеріс енгізуді бастағанымен, қаржы мәселесі шешілмеген күйі қалып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







