Жапония Таяу Шығыстағы тәуекел күшейген тұста мұнай жеткізу бағытын қайта қарап жатыр. Осы үдерісте Қазақстанның Қашаған мұнайы Токио үшін балама емес, стратегиялық сақтандыру тетігіне айнала бастағаны байқалады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жапонияның ірі INPEX компаниясы Қазақстан мен Әзербайжаннан өндірілетін мұнайға басымдық беру мүмкіндігін қарастырып отыр. Ашық дереккөздердегі хабарларға қарағанда, сөз Қашаған мен Әзербайжандағы Azeri-Chirag-Gunashli кен орындарынан алынатын шикізат туралы болып отыр.
Бұған дейін бұл мұнайдың едәуір бөлігі Еуропаға спот жеткізілім ретінде жөнелтіліп келген. Енді жапон нарығына бұру мәселесі күн тәртібіне шықты.
Мұндай бетбұрыстың басты себебі түсінікті. Жапония мұнай импортының 90 пайыздан астамын Таяу Шығыстан алады. Ал Ормуз бұғазы маңындағы ахуал күрт нашарлап, өңірлік тасымал жүйесі қысымға түскен соң, Токио шұғыл түрде жаңа жеткізу арналарына назар аудара бастады.
Reuters жазғандай, Жапония наурыздың соңынан бері мұнай қорын босатып, баға қысымын тежеу үшін тіпті ішкі нарықтағы баға формуласына дейін қайта қарауға мәжбүр болды.
Қазақстан үшін бұл жерде екі үлкен мүмкіндік көрініп тұр. Біріншісі – Қашаған мұнайының Азия нарығындағы салмағы артуы мүмкін. Екіншісі – Қазақстан таза шикізат жеткізуші ғана емес, геосаяси дағдарыс кезінде сенімді әріптес ретінде қабылдана бастайды.
Жапон тарапы Қазақстан мен Әзербайжан мұнайын Парсы шығанағынан келетін жеңіл және орташа сорттарға ұқсас балама ретінде қарастырып отыр. Бұл біздің мұнайдың сапалық артықшылығын да көрсетеді.
Бірақ бұл бағыттың әлсіз тұсы да бар. Қазақстаннан Жапонияға мұнай жеткізу уақыты ұзақ. Ашық жарияланған бағалаулар бойынша, Қазақстаннан тасымал 35-55 күнге созылуы мүмкін, ал Ормуз бұғазы арқылы Таяу Шығыстан жеткізу шамамен 20 күн алады. Яғни Қазақстан мұнайы Жапония үшін қауіпсіздеу балама болғанымен, логистикасы қымбат әрі баяу.
Контекст
Соған қарамастан, дәл қазіргі жағдайда Токио үшін басты өлшем – тек баға емес, тұрақтылық. Жапон үкіметі Қазақстаннан бөлек АҚШ пен Оңтүстік Америка бағыттарын да пысықтап жатқаны айтылып отыр. Бұл Жапонияның энергетикалық қауіпсіздік стратегиясы түбегейлі қайта жазылып жатқанын көрсетеді.
Мұндай кезеңде Қазақстан үшін ең маңызды міндет – Қашаған бағытындағы экспорт әлеуетін сақтап қана қоймай, оны ұзақ мерзімді саяси-экономикалық артықшылыққа айналдыру.
Қысқасы, Жапонияның INPEX компаниясы Қашаған мұнайына бет бұрса, бұл жай ғана сауда келісімі болмайды. Бұл – Таяу Шығысқа тым тәуелді әлемдік энергетика жүйесінде Қазақстанның салмағы өсіп келе жатқанын білдіретін белгі.
Егер бұл үрдіс тұрақты сипат алса, Қашаған Еуропаға ғана емес, Азиядағы энергетикалық қауіпсіздік архитектурасына да тікелей әсер ететін кен орнына айналуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







