Қазақстан Үндістандағы қауіпті Нипах вирусының өршуіне байланысты барлық шекара бекетінде санитарлық бақылауды күшейтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Денсауминнің мәліметінше, елге кіретін азаматтардың денсаулығын тексергенде, әсіресе Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан келгендерге ерекше көңіл бөлінеді.
Медициналық мекемелер вирус жұқтыру қаупіне байланысты сақадай сай тұр.
Жедел жәрдем бригадалары, инфекциялық стационарлар толық дайындықтан өткен. Дәрі-дәрмек, қорғаныш және зарарсыздандыру құралдарының қажетті қоры жасақталған.
«Эпидемия тіркелген елдерге сапарлайтын азаматтарға алдын алу шараларын сақтауға кеңес береміз. Шетелден оралған соң ауру белгілері байқалса, бірден дәрігерге қаралып, қай елден келгеніңізді міндетті түрде хабарлау қажет», – деп ескертеді ведомство өкілдері.
Вирус туралы не белгілі?
Айта кетейік, Нипах жануарлардан адамға жұғатын қауіпті вирус. Ол індетті жұқтырған науқастан, сондай-ақ жарқанат пен шошқа сияқты жануарға жолап кеткен жағдайда тарайды. Ластанған азық-түлік пен сусын арқылы да жұғуы мүмкін.
Инфекция жұқтырған науқастың дене қызуы қатты көтеріліп, бас ауруы мен әлсіздік пайда болады. Ауру асқынғанда орталық жүйке жүйесі мен өкпені зақымдап, ауыр пневмонияға әкелуі ықтимал.
Нипах вирусына қарсы вакцина немесе арнайы емдеу тәсілі әлі жоқ, сондықтан тек симптомдарды жеңілдететін көмек көрсетіледі.
Бұған дейін біз Гонконгтан жеткен вирус туралы егжей-тегжейлі жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

