Билік «алтын жұмыртқа табатын тауықты» қашырып алды. Елден кеткен канадалық инвестордың соңынан өзгелері де ілесуі мүмкін.
Тау-кен саласының сарапшысы Телман Шүриев осындай өткір мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айтуынша, уран өндірісің төбе басында тұрған Қазақстан соңғы жылдары инвесторлар үшін жайсыз мекенге айнала бастаған. Бюрократиялық кедергі күрт көбейіп, жер қойнауын игеру кодексіндегі жаңа талап инвестордың аяғына оратылып тұр. Сарапшы бұған мысал ретінде күні кеше елден кеткен канадалық Laramide Resources компаниясын алға тартты.
«Қазатомөнеркәсіп» қолдағы активтерін тиімді ұқсатып отырғаны рас. Бірақ жаңа учаскілерге неге өзі кіріспеді? Геобарлауға дер кезінде мән бермей, уақытта өткізіп алды ма, әлде шетелдік компанияны шеттетіп, саладағы жалғыз қожайын болып қалғысы келді ме?», – дейді Шүриев.
Пікірінше, Қазақстанның уран жобаларының табыстылығы 70%-ға дейін жетеді.
Бірақ, бір кілтипан бар
Осы саладағы ойын ережесінің тым жиі өзгеруі шетелдік компанияларды үркітіп отыр. Өткен жылы қабылданған жаңа заң бойынша, «Қазатомның» жаңа кен орындарынан алатын үлесі айтарлықтай артқан. Шетелдік инвестор бұны «де-факто ұлттық меншікке алу» деп қабылдауда.
«Ақорда қос түрлі стандартты қолдануда. Бір жағынан инвесторға есік ашық деп жариялайды, артынша бақылауды күрт күшейтеді. Үкіметпен жұмыс істеуге келген инвестордың адымын аштырмайды. Әлгіндей қарама-қайшы сигнал уран ғана емес, жалпы тау-кен саласының дамуын тежейді», – дейді сарапшы.
Сөзінше, геобарлау ұзақ әрі өте-мөте қымбат процесс. Алғашқы зерттеуден нақты өндіріске дейін 15-17 жыл уақыт кетеді екен. Мұндайда заңнаманың тұрақтылығы мен алдын-ала болжам жасау мүмкіндігі маңызды.
«Реттеу жүйесінің мың құбылуы инвестордың сенімін күшейтпейді, керісінше елден қашырады. Сенім жоғалып, тәуекел күшейген жерге инвестиция да жоламайды», – дейді ол.
Айта кетелік…
Күні кеше канадалық Laramide Resources уран нарығындағы жаңа ережені «ресурсты мемлекет меншігіне өткізу» деп бағалап, Шу-Сарысу бассейніндегі ірі жобадан бас тартқан.
«Саяси тәуекел кез келген елде бар нәрсе ғой, бірақ әдетте олар ресурс табылған соң ғана пайда болады. Ал бұл жерде жағдай мүлде басқаша. Ресурсқа бастар жолды алдын ала бөгеп қойды. Яғни мемлекет табылған дүниені ғана емес, әлі табылмаған байлықты да ұлттық меншікке айналдырып алды», – дейді осы осы тұста компания басшысы Марк Хендерсон.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

