Биыл қазақ эстрадасының аңызға айналған «Музарт» тобының құрылғанына 25 жыл толады, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Музарттың» мерейтойлық гастрольдік сапары 15 ақпаннан басталып, 1 мамырға дейін жалғасады. Осы аралықта топ еліміздің әр өңірінде, соның ішінде ірі қалалар мен облыс орталықтарында арнайы концерт беріп, тыңдармандарымен қауышады. Мерекелік турне тек Қазақстанмен шектелмей, көршілес елдердің де сахнасында жалғаспақ.
Концерттік бағдарламаға 25 жыл ішінде халықтың жүрегінен орын алған, «Музарттың» алтын қорына енген хит әндер енеді. Сонымен қатар, топ мүшелері шығармашылық жолының әр кезеңіндегі туындыларын жаңа форматта ұсынуды жоспарлап отыр. Әрбір кеште сүйікті әндер жанды дауыста орындалып, көрермендер үшін ерекше сыйлық ретінде жаңа әндердің тұсауы да кесіледі.
Айта кету керек, «Музарт» ширек ғасыр бойы тек қазақ эстрадасында ғана емес, бүкіл түркі әлемінде ерекше танымалдыққа ие болып, ұлттық музыканың насихатшысы атанды. Топтың гастрольдік сапары тек қана шығармашылық мереке емес, ширек ғасырлық еңбектің жемісін қалың жұртпен бірге атап өту мүмкіндігі.
Қазірдің өзінде топтың өнерін асыға күткен көрермен билеттерді алдын ала алып, концерттік алаңдарда ерекше атмосфераның орнайтынына сенімділік білдіруде. «Музарттың» 25 жылдық мерейтойына арналған үлкен гастрольдік сапар елдің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі болары сөзсіз.
Еліміздің мақтанышына айналған аға буын өнерпаздарға сәттілік тілеп, ширек ғасырлық шығармашылық мерекелері құтты болсын дейміз!
Айтпақшы, танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы сайтымызға өміріне «аскеза» енгізу арқылы айтарлықтай өзгеріс болғанын айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

