Қазақ мұнайы Қара теңіздегі күрделі ауа райына қарамастан, Новороссийск портындағы Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы экспортталып жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазір шикізат тиеу жұмыстары жалғыз ғана жұмыс істеп тұрған бірінші шығарушы айлақ құрылғысы (ВПУ-1) арқылы жүргізілуде.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, экспорттық процесс тұрақты режимде, теңіздегі дауыл жағдайына сәйкес реттеліп отыр. Басты міндет жеткізілімнің іркіліссіз жалғасуын қамтамасыз етіп, мұнай қоймаларын толып кетуден сақтау.
Министрліктің ресми өкілі Әсел Серікпаеваның айтуынша, ведомство халықаралық әріптестер және КТК операторымен үнемі байланыста отыр. Сол себепті де экспорт бағытындағы өзгерістерді бақылап, тиісті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік бар.
Айта кетерлігі, былтыр желтоқсанда қатты дауыл мен украиналық дрондардың шабуылынан кейін ВПУ-3 істен шығып, бір айлақ жоспарлы жөндеуге жабылған еді.
Сол уақытта экспорт ағынын тоқтатпау үшін, Қазақстан өз мұнайын Атырау-Самара бағытымен және Қытайға жіберілетін көлемді арттыру арқылы балама жолдарға бағыттаған.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі қаңтар айында КТК-дан мұнай тиеу көлемі күрт төмендеп, тәулігіне 800-900 мың баррельге дейін құлдырағанын хабарлаған. Бұл желтоқсан айында жоспарланған көрсеткіштен шамамен 45 пайызға төмен.
Ақпаратқа сәйкес, трейдерлер қаңтарда жоспарланған 45 кеменің 21-інің тапсырысын кері қайтарған. Нәтижесінде қоймалар тез толып, құбырлардың кейбір бөлігі мұнай қабылдауды уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

