Украинадағы соғыстың көлеңкесі КТК құбырына түсіп, Қазақстанның мұнай экспорты тығырыққа тірелді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Желтоқсан айында CPC Blend маркалы қазақ мұнайының экспорты жоспарланған көлемнен үштен бірге қысқарған. Соңғы мәлімет бойынша тәулігіне 1,7 миллион баррельден 1,14 миллион баррельге дейін төмендеген.
Reuters-тың хабарлауынша, қараша айының соңында Новороссийск портындағы Каспий құбыр консорциумы терминалына (КТК) жасалған шабуылдан кейін үш қондырғының біреуі ғана жұмыс істеп тұр.
Қолайсыз ауа райы да жөндеу жұмыстарын қиындатып, экспортқа шығатын бірнеше мұнай партиясының жеткізілімі кейінге қалдырылды.
Kpler талдау компаниясының мәліметінше, 1–23 желтоқсан аралығында терминал арқылы небәрі 3,28 миллион тонна мұнай тиелген. Консорциум өкілдері жөндеу жұмыстарының барысы туралы пікір беруден бас тартқан.
Energy Aspects сарапшысы Кристофер Хейнстің айтуынша, жалғыз айлақтың жұмыс істеуі және резервуарлардың толып кетуі Астананы мұнай өндіру қарқынын төмендетуге мәжбүр етуде. Осы жағдайға байланысты CPC Blend мұнайын сатып алушылардың бір бөлігі Солтүстік теңіз нарығынан балама көздер іздеп, бұл Brent маркалы мұнай бағасының көтерілуіне әкелген.
Айта кетейік, КТК инфрақұрылымына бағытталған шабуыл ел экономикасына тікелей әсер етеді. Бағыт Астананың мұнай экспортының негізгі арнасы.
Ресей-Украин қақтығысының Каспий құбыр консорциумына (КТК) соққы болып тиюі алғаш рет емес. Бұған дейін Киев құбырға шабуыл жасамауды талап еткен Астананы «мәскеушіл» ұстанымы үшін айыптаған еді.

