Қазақстан мен Өзбекстан Президентінің Бұхарадағы бейресми кездесуінде екі ел арасындағы мәдени-тарихи байланыстар мен цифрлық серіктестікті тереңдетуге бағытталған бірқатар маңызды оқиға орын алды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тарихи мұраны жаңғырту бағытындағы маңызды қадам ретінде Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа құнды тарихи құжаттарды табыстады. Олардың ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мен Рәбия Сұлтан бегім кесенелеріне қатысты. 1920-1950 жылдары Өзбекстан аумағынан табылған сирек кездесетін архивтік материалдар, сызбалар және фотосуреттер бар. Бұл құжаттардың көбі бұрын ғылыми айналымға түспеген әрі екі елдің ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеуде жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.

Кездесу барысында мемлекет басшылары Бұхара қаласындағы тарихи орындарды аралады. IV-III ғасырларда тұрғызылған Арк қамалы – Орталық Азияның ерекше архитектуралық нысаны ретінде екі елдің басшыларының назарын аударды.
Қазір бұл бекіністе Бұхара мемлекеттік музей-қорығы орналасқан. Сондай-ақ, «Ляби-хауз» кешені, «Пои-Калян» тарихи ансамблі де назардан тыс қалмады. Мұнда мемлекет басшылары XII-XVI ғасырлардағы Калян мұнарасы мен мешіті, XVI ғасырда салынған әйгілі Мири Араб медресесін көріп, ортақ тарихи тұлғаларға қатысты мәдени мұрамен танысты.
Бұхарадағы Мәшһүр музейі
Қазақ халқының танымал қайраткерлері – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Нұржан Наушабаев, Шортанбай Қанайұлы секілді зиялылар Бұхара медреселерінде білім алғаны белгілі. Президенттер осы тарихи байланыстың ізімен жүріп, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының музей-құжырасы мен қазақ зиялылары туралы көрмені аралап көрді. Бұл екі халық арасындағы мәдени және тарихи сабақтастықты одан әрі нығайтатын маңызды қадам.

Сонымен қатар, екі ел басшысы цифрлық технологиялардың дамуына да ерекше назар аударды. Олар Бұхарада өткен жасанды интеллект хакатонына қатысып, талантты жастардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. ІТ және жасанды интеллект саласындағы дарынды жастардың басын қосқан бұл сайыс медицина, білім беру және кәсіпкерлік салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.
Мемлекет басшылары Govtech Өзбекстан цифрлық үкіметінің соңғы әзірлемелерімен де танысып шықты. Көлік, кеден, салық, энергетика, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құрылыс және өнеркәсіп салаларында енгізілген жаңа цифрлық шешімдер екі ел арасындағы технологиялық серіктестікті нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.
Осылайша, Бұхарадағы бейресми кездесу Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге, тарихи-мәдени мұраны бірлесе зерделеуге және жаңа цифрлық технологияларды енгізуге үлкен серпін берді. Бұл екі елдің ынтымақтастығының жаңа белесі екені анық.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен Бұхара қаласында бейресми кездесу өткізді. Бұл жүздесу екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты тереңдетуге арналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







