Польшада қолға түскен әйел бес жыл бойы халықаралық іздеуде болған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бас прокуратураның мәліметі бойынша, күдікті (Украина азаматы, ред) 2017–2018 жылдары халықаралық қылмыстық топ құрамында әрекет еткен. Ол донор мен органдарды қажет ететін азаматтарды тауып, тараптардың кездесуін ұйымдастырып отырған. Сонымен қатар мәмілелерді жасырын жүргізуге атсалысып, органдарды сату және трансплантациялау операциясын сүйемелдеген.
Құқық қорғау органдары топ мүшелері 56 заңсыз мәміле жасаған деп отыр. Операциялар Қазақстандағы бірқатар емханаларда өткізілген. Кейін күдікті ел аумағынан қашып, бес жылдан аса уақыт бойы халықаралық іздеуде жүрген. 2025 жылдың наурыз айында Польша шекарасында ұсталып, Қазақстанның сұранысы бойынша елге экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторында отыр.
Оған 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалуы мүмкін. Бас прокуратура бұған дейін аталған топтың екі мүшесі Түркия мен Ресейден экстрадицияланғанын еске салды.
Бұл оқиға Астанада 2020 жылы сот қарауына түскен атышулы «көлеңкелі трансплантология» ісімен де сабақтасуы ғажап емес.
Сол кезде істің негізгі фигуранттары трансплантолог-дәрігер Ғани Құттымұратов, Шымкент қаласындағы №1 аурухананың бұрынғы бас дәрігері Абылай Донбай және Қырғызстан азаматы Бермет Тайсалова болған.
Сот барысында қылмыстық топ құру және ағзаларды заңсыз трансплантациялау бойынша дәлел жеткіліксіз болып, дәрігерлер ақталған. Ғани Құттымұратов міндетін лайықты деңгейде атқармағаны үшін кінәлі деп танылса, Абылай Донбай толық ақталған еді. Ал Бермет Тайсалова 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. «Көлеңкелі трансплантология» схемасы туралы Ішкі істер министрлігі алғаш рет 2019 жылы хабарлаған еді.

