Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жариялаған Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын Қазақстан Халық партиясы ресми түрде қолдайтынын мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Бұл құжат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының заңды жалғасы және «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы маңызды қадам, – делінген партияның ресми мәлімдемесінде. – Жаңа Конституция жобасы билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтып, саяси жүйені жаңартудың құқықтық негізін қалайды.
ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Магеррам Магеррамов комиссия отырыстарында барлық ұсыныстар мен бастамалар жан-жақты талқыланғанын атап өтті.
– Жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі – ашық талқылау арқылы барлық нормалар мен ережелерді мұқият пысықтауында, – деді депутат. – Бұл – азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың бірлескен ұжымдық еңбегінің нәтижесі.
Конституциялық реформаның негізіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірпалаталы Парламент – Құрылтай құру бастамасы алынған болатын. ҚХП да бұл идеяны өзінің 2023 жылғы бағдарламасында көтерген еді. Партия өкілдерінің пікірінше, бірпалаталы жүйе Парламенттің ықпалын күшейтіп, депутаттардың жауапкершілігін арттырады, артық бюрократиялық буындарды азайтады.
– Жобаны мұқият зерделей келе, біз партиямыздың бағдарламасымен үндес негізгі өзгерістерге қолдау білдіреміз, – делінген мәлімдемеде. – Бірпалаталы Парламентке көшу – саяси жүйені дамытудың тиімді жолы. Оның үстіне Халық Кеңесі сияқты жаңа институт енгізіліп отыр, бұл азаматтардың елді басқаруға қатысуын кеңейтеді.
Партия ұстанымы
Партия өкілдері үшін Конституцияның әлеуметтік-еңбек саласындағы нормалары ерекше маңызға ие. Әсіресе, жобаның 27-бабындағы «еңбек еркіндігі» деген түсініктің орнына «Әр адам еңбек етуге құқылы» деген нақты норма енгізілуі оң бағаланған.
– Бұл халықаралық нормаларға сәйкес келеді және мемлекетті азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуге міндеттейді. Еңбек ету құқығы Қазақстан Халық партиясы үшін әрқашан басты басымдық болды, – деді партия депутаты Ирина Смирнова.
Жаңа Конституция жобасында партия бұрын көтерген жер және жер қойнауы туралы негізгі нормалар сақталған.
– Ұлттық байлық халыққа тиесілі деген баптың қалуы партиямыздың негізгі ұстанымы. Бұған қоса, жобаға адам капиталын, ғылым мен білімді дамыту басымдығы қосылған. Біз бұл стратегиялық бағытты толық қолдаймыз, – дейді партия депутаты Ислам Сұңқар.
Қазақстан Халық партиясы құжаттың идеологиялық мазмұнын, әсіресе әділеттілік идеалдарын, заң мен тәртіп қағидаттарын бекітуін жоғары бағалап отыр.
– Жаңа Конституция еліміздегі этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға ерекше мән береді. Ол демократиялық институттар арқылы азаматтарды біріктіретін маңызды құжат болмақ. Қазақстан Халық партиясы орталыққа адам мен азамат мүддесін қойған осы жобаны толық қолдайды, – деп түйінделген партияның мәлімдемесінде.
Бүгін Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен өткен отырыста жаңа Конституция жобасы талқылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

