Қазақстан Ішкі істер министрлігі алаяқтықпен айналысқан халықаралық call-орталықтар желісін әшкерелеуге қатысты ауқымды арнайы операцияға қатысып, жүздеген адамды ірі қаржылық шығыннан құтқарды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Таратылған ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстан ІІМ мен Украина Ұлттық полициясы, сондай-ақ екі елдің Бас прокуратуралары бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында Украина аумағында жұмыс істеген трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Аталған топ Қазақстан азаматтарын ғана емес, Украина мен Еуропа одағы елдерінің тұрғындарын да алдаған.
31 наурыз күні Днепр қаласында бір мезетте үш бірдей алаяқтық call-орталығының қызметі тоқтатылған. Тергеу мәліметі бойынша, бұл орталықтар жүйелі түрде интернет-алаяқтықпен айналысып келген. Қазақстан ІІМ-нің уақтылы әрекетінің арқасында ауыр салдардың және жаппай қаржылық шығынның алдын алу мүмкін болған.
Әңгіме жүздеген ықтимал жәбірленуші туралы болып отыр. Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы жалған инвестициялық компания қызметкерлері ретінде әрекет еткен. Олар азаматтарды жалған уәдемен иландырып, жеке деректеріне, банк шоттарына және цифрлық активтеріне қол жеткізген. Кейін сол қаражатты иемденіп отырған.
Полиция мәліметінше, қылмыстық схемалардың арасында жалған инвестициядан бөлек, криптовалютаға ақша салуға үгіттеу және так называемый романтикалық алаяқтық тәсілдері де болған. Яғни қаскөйлер біреуді инвестициямен, енді біреуді эмоциялық сеніммен торға түсірген.
Алаяқтар өз әрекетінде фишингтік интернет-ресурстарды пайдаланған. Бұл сайттар танымал инвестициялық платформалар мен криптобиржаларға ұқсатып жасалған. Соның арқасында қылмыскерлер жәбірленушінің активтерін толық бақылауға алған.
Арнайы операция аясында Днепр қаласында бірден 40 мекенжайда тінту жүргізілді. Нәтижесінде 53 украин азаматы ұсталған. Соның ішінде 8 негізгі фигурант уақытша ұстау изоляторына қамалып, оларға айып тағылған. Қалған қатысушылар да заң аясында жауапкершілікке тартылады.
Алдын ала мәлімет бойынша, тінту кезінде 100 мың доллар, 90 компьютерлік техника, 125 смартфон, 6 қымбат автокөлік және атыс қаруына ұқсас зат тәркіленген. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Қазақстан ІІМ украиналық әріптестерімен бірге қылмыстық топтың барлық эпизодын анықтау, қосымша сыбайластарды табу және азаматтарға келтірілген жалпы шығын көлемін есептеу бағытында жұмысты жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Контекст
Ведомство халықаралық киберқылмысқа қарсы күресте ұстанымы өзгермейтінін де атап өтті. Яғни азаматтардың сенімін пайдаланып пайда тапқысы келгендердің әрекеті бұдан былай да дер кезінде анықталып, қатаң тоқтатылады.
Айта кету керек, бұл Қазақстан мен Украина күштік құрылымдарының мұндай бағыттағы алғашқы бірлескен операциясы емес. Бұған дейін, 2025 жылдың қыркүйегінде Украинада қазақстандықтарды алдаған тағы бір трансұлттық call-орталықтың көзі жойылған болатын.
Ол кезде қаскөйлер өздерін Ұлттық банк, құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдері ретінде таныстырып, азаматтарды несие алуға, мүлкін сатуға және ақшасын бөтен шоттарға аударуға көндірген.
Осы жолғы операция да бір нәрсені анық көрсетті: цифрлық алаяқтық шекара танымайды. Бірақ оған қарсы күрес те енді бір елдің ғана шеңберінде қалмай, халықаралық деңгейде жүріп жатыр.
Депутат Мұрат Әбенов қамауға алынған танымал блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханның ісіне қатысты ұстанымын білдірді. Мәжілісмен ұсталған азаматқа ешқандай қолдау көрсете алмайтынын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







