«Қазақстан – Еуропалық Одақ» кіші комитетінің энергетика, көлік, қоршаған орта және климаттың өзгеруі мәселелеріне арналған 9-шы отырысы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға Қазақстан тарапынан Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов, Еуропалық Одақ тарапынан Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Орталық Азия бөлімінің басшысы Дитмар Крисслер төрағалық етті.
Отырыс барысында тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастықтың бүгінгі ахуалы мен алдағы жоспарларын талқылады. Вице-министр Санжар Жаркешов өз сөзінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаһандық энергетикалық диалог пен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.
Тараптар шикізат, аккумулятор өндірісі және жаңартылатын сутегі сияқты тұрақты құн тізбегін құру мәселелеріне айрықша тоқталды. Қазақстан осы салада жаңартылатын энергия көздерін қарқынды дамытып отыр, алдағы 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 15 пайызға жеткізу көзделген.
Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелерін бір-бірімен байланыстыру, электр энергиясы нарығын дамыту, газ инфрақұрылымындағы интеграция мәселелері талқыланды. Қазақстанның өңірлік энергетикалық жобаларға, оның ішінде «Өзбекстан – Қазақстан – Қырғызстан» консорциумының Қамбар ата-1 гидроэлектр станциясын салу жобасына қатысуы да сөз болды.
Кездесу нәтижесінде Қазақстан Энергетика министрлігі Еуропалық Одақпен бірлескен энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Тараптар қабылдаған шешімдер екіжақты энергетикалық әріптестікке жаңа серпін беретіні айтылды.
Әлеуметтік желіде «Қытайдың Нострадамусы» деген атпен танымал профессор Цзян Сюэцин сайтымызда АҚШ пен Иран арасындағы соғыстың қалай аяқталатынын болжады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







