Қазақстанда кейінгі жылдары сыртқы көші-қон үдерісінде айтарлықтай өзгерістер байқалады. Әлеуметтік желілерде елден кетуді насихаттайтын пікірлер кеңінен таралғанымен, ресми статистика басқаша көрсеткіштер ұсынуда. Бұл туралы «За нами уже выехали» жобасының зерттеуінде айтылды деп жазады Ertenmedia.kz.
Жобаның сарапшылары Қазақстандағы «ми көші» мәселесін зерделей келе, күтпеген қорытынды жасаған: елден кеткен адамдар саны қысқарып, керісінше Қазақстанға тұрақты тұру үшін көшіп келушілер саны артып отыр.
Бюро ұлттық статистикасының деректеріне сәйкес, соңғы екі жылда Қазақстандағы көші-қон сальдосы алғаш рет оң көрсеткішке шыққан. 2023 жылы бұл көрсеткіш +9 мың адамды құраса, 2024 жылы одан да өсіп, +17 мың адамға жеткен. Бұған дейін елдің тәуелсіздік алған кезінен бастап сыртқы көші-қон сальдосы көбіне теріс болатын.
Қазақстан тарихында тек бір кезеңде ғана – 2004-2011 жылдары миграциялық сальдо оң нәтижеге шыққан еді. Ол кезде бұл жағдайға экономикалық өрлеу, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы және этникалық қазақтардың елге қайтуын ынталандыратын мемлекеттік бағдарламаның қарқынды жүзеге асырылуы себеп болған. Бірақ 2011 жылдан кейін аталған көрсеткіш қайта теріске шығып, эмиграция қайта басымдыққа ие болды.
Соңғы бес жылда Қазақстаннан тұрақты тұруға кетушілер саны айтарлықтай азайды. Егер 2019 жылы Қазақстаннан 45 мың адам кеткен болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 13 мың адамға дейін қысқарған. Бұл ел тарихындағы көші-қонның ең төменгі деңгейі болып есептеледі.
Сонымен қатар Қазақстанға тұрақты тұру үшін көшіп келушілер саны артқан.
Егер 2021 жылы Қазақстанға 11 мың адам көшіп келген болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 29 мыңға жеткен.
Зерттеу авторларының пайымдауынша, иммиграцияның артуына бірнеше фактор әсер еткен. Соның ішінде ең негізгі себеп – Ресей мен Украина арасындағы соғыс және оған байланысты Ресейдегі мобилизация мәселесі.
Ресей Федерациясының Алматыдағы бас консулы Дмитрий Тураевтың айтуынша, тек 2022 жылдың өзінде Ресейден Қазақстанға шамамен 400 мың адам көшіп келіп, оның 50-80 мыңға жуығы 2023 жылдың соңында елде тұрақтап қалған.
Ресейден Қазақстанға тұрақты тұруға көшкендер саны да күрт өскен. Егер 2021 жылы Ресейден 3456 адам Қазақстанға көшсе, 2023 жылы бұл сан 11711-ге жеткен. Зерттеуде келтірілгендей, бұл құбылыс Ресей азаматтары үшін Қазақстанды тыныш әрі тұрақты ел ретінде қарастыруымен байланысты болуы мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы жиырма жылда Қазақстанға көшіп келген азаматтардың басым бөлігі Өзбекстан (400 мың), Ресей (250 мың), Қытай (61 мың), Түркіменстан (43 мың), Моңғолия (35 мың) және Қырғызстан (34,5 мың) елдерінен келген. Сондай-ақ соңғы жылдары Германия, Украина және Тәжікстаннан көшіп келушілер саны да артқан. 2024 жылы көшіп келгендердің жартысын этникалық қазақтар құраса, қалған бөлігін орыс (20%), өзбек (6%), қарақалпақ (5%), украин (2%) және басқа ұлттар құраған.
Ресейге көшуге ниет білдірушілер саны күрт қысқарған. 2019 жылы Қазақстаннан Ресейге көшкендер саны 40 мың адам болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 9 мыңға дейін төмендеген. 2023 жылы Ресейге кеткендер мен келгендер санының айырмашылығы небәрі 23 адамды құраған.
Зерттеудің авторлары көші-қон көрсеткіштеріндегі бұл өзгерістерді тек сыртқы саяси жағдаймен ғана түсіндіруге болмайтынын айтады. Қазақстан соңғы жылдары экономикалық және әлеуметтік реформаларды белсенді жүргізіп, көші-қон саясатын өзгертті.
Атап айтқанда, елге жоғары білікті мамандарды тарту үшін «Digital Nomad Visa», «Neo Nomad Visa» бағдарламалары іске қосылды. Инвесторлар үшін жаңа «алтын виза» мүмкіндігі енгізілді. Бұл бағдарламалар арқылы шетелдік азаматтар Қазақстанда тұрақты тұруға ықылас білдіруде.
Жалпы, зерттеу авторларының айтуынша, Қазақстандағы көші-қон трендінде когнитивтік диссонанс байқалады. Қоғамдық санада әлі де болса «Қазақстаннан кету керек» деген пікір басым болғанымен, нақты статистика басқаша көрсетуде. Ал бұл өзгерістер елдегі экономикалық тұрақтылықтың нығаюымен және Қазақстанның өңірдегі тартымды мемлекет ретінде қалыптасуымен байланысты болуы ықтимал.