Қазақстанда салық органдарының жаңа цифрлық жүйесі мыңдаған бизнес өкілін аяқ астынан есепшотсыз қалдырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
9 сәуір күні еліміз бойынша мыңдаған кәсіпкердің банктегі шоттары еш себепсіз бұғатталып, кейбірінің қаражаты ешбір ескертусіз алынған. Танымал заңгер әрі қаржы сарапшысы Айжан Балакешова мұны «цифрлық бассыздық» деп атап, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиевке қатаң үндеу жолдады.
Сарапшының айтуынша, кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуі тиіс болған ISNA ақпараттық жүйесі керісінше бизнестің тіршілігін толықтай тоқтатқан. Жағдайдың ушыққаны сонша, кәсіпкерлердің есепшотынан қаражат қарызы болмаса да алына бастаған.
«9 сәуірде салық төлеушілердің шоттары жаппай бұғатталды. Кейбіреулерге «0 теңге» қарыз деп көрсетілген бұйрық шыққан. Бірақ соған қарамастан, шоттары бұғатталып тұр. Тіпті кейбір бизнес өкілдерінің есепшотынан мемлекет бюджетіне ақша заңсыз алынған. Мемлекеттік орган қарызы жоқ адамдардың ақшасын қандай негізде шешіп алады? Біз сіздерге сенім артамыз, ал сіздер сол сенімді теріс пайдаланып отырсыздар», – дейді Айжан Балакешова.
Ол сонымен қатар ISNA жүйесінің сапасына және бағдарламаны әзірлеуші компанияны таңдау процесінің заңдылығына күмән келтірді. Заңгер Комитетке Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Антикор және Мемлекеттік қызмет агенттігін дереу араласуға шақырды.
«Қазір сәуір айы. Бағдарлама әлі дұрыс жұмыс істемейді. Сондықтан ҰҚК, Антикор, Мемлекеттік қызмет агенттігінен осы мәселені тексеруді сұраймыз. Бағдарламаны жасаушы компанияны таңдау кезінде қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, Жоғары аудиторлық палатадан Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық ресурстарына тексеру жүргізуді талап етеміз», – деді ол.
Бұдан бөлек…
Балакешова салық органдарының тағы бір кедендік жүйе – «КЕДЕН»-ді енгізуге дайындығы жағдайды одан әрі ушықтыратынын ескертті. Себебі қазіргі жүйенің өзі үш ай бойы іске қосылмай, бизнес толыққанды жұмыс істей алмай отыр. Оның үстіне, кейбір кәсіпкерлерге соңғы 9 жыл үшін айыппұлдар есептеліп, салықтар екі мәрте ұсталған фактілер тіркелуде.
«ISNA үш айдан бері елдің экономикасын тығырыққа тіреп отыр. Ал енді «КЕДЕН» жүйесін енгізбекші. Қазіргі мәселелер шешілмейінше, оны іске қоспауды сұраймыз. Қазірдің өзінде төлемдер екі мәрте алынған жағдайлар, берешектер және декларацияны өткізе алмай отырғандар бар. Енді мемлекеттік орган өз кемшіліктері үшін кәсіпкерлерден 9 жылдық мерзімге «пеня» есептеп отыр. Осы уақытқа дейін меморган қайда қарап отырды?» – деп ашынды Айжан Балакешова.
Сөз соңында сарапшы бизнес қауымдастығының үлкен шығынға ұшырап, серіктестермен есеп айырыса алмай отырғанын мәлімдеп, кәсіпкерлерге өз қаражатын басқару құқығын қайтаруды талап етті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







