Қазақстанда несие бұрынғыдай сирек жүгінетін қаржы тетігі емес, күнделікті тіршіліктің бір бөлігіне айналды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазір елде әр екінші тұрғынның мойнында қарыз бар. Сарапшылар мұны қаржы нарығының кеңеюінен гөрі, халық табысының әлсіреуі мен борышқа тәуелділіктің күшеюі ретінде бағалап отыр.
Tengenomika арнасы мен Бірінші кредиттік бюро дерегіне қарағанда, елде қолданыстағы несиесі бар азаматтар саны 10 496 525 адамға жеткен.
Қазақстан халқының жалпы саны 20,5 миллион шамасында екенін ескерсек, қарызы барлардың үлесі 51,2 пайызға шыққан. Демек, қазір несие әлеуметтік мәртебесіне де, табыс деңгейіне де қарамай, жұрттың жартысынан астамына тән құбылысқа айналған.
Сарапшылардың пайымынша, борыштың жаппай белең алуы экономикадағы тереңірек ахуалды аңғартады. Яғни, қарыз ақша халықтың өз табысын алмастыра бастады. Мамандар мұндай жағдайда несие әл-ауқатты ілгерілететін құрал болудан қалып, жетпей тұрған қаражаттың орнын толтыратын амалға айналатынын айтады.
Тағы бір түйткіл…
Жағдайды ушықтырып тұрған тағы бір жайт сатып алу қабілетінің әлсіреуі. 2025 жылдың төртінші тоқсанында нақты жалақы индексі, яғни инфляцияны шегергендегі табыс көлемі, бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 3,4 пайызға төмендеген. Сол себепті жұрт қарызды бизнес бастау не тұрмысын жақсарту үшін емес, күнделікті шығынды жабу үшін алуға мәжбүр болып отыр.
Осындай көрініс экономика үшін де қатерлі. Халықтың шамадан тыс қарызға батуы инфляция үдеген, пайыздық мөлшерлеме өскен немесе еңбек нарығы әлсіреген сәтте ахуалды күрт ушықтыра алады. Мұндай кезде несие ыңғайлы қаржы құралы емес, күнкөрістің жалғыз сүйенішіне айналып шыға келеді.
Сарапшылар соңғы жылдары тіркелген 5 пайыздан 6,5 пайызға дейінгі экономикалық өсім қарапайым азаматтың тұрмысын айқын жақсарта алмағанын алға тартады. Керісінше, қазақстандықтардың қарызға арқа сүйеуі күшейген. Сол себепті мамандар билікке тек жалпы өсім көрсеткішіне емес, халық табысының нақты жағдайына да назар аудару қажет екенін ескертеді. Әйтпесе борыш қоғам үшін уақытша құбылыс емес, қалыпты өмір салтына айналып кетуі мүмкін.
Halyk Finance сарапшылары да бұған дейін ІЖӨ өсімі мен халық табысы арасында байланыс әлсіз екенін бірнеше рет айтқан еді. Олар мұны сапасыз экономикалық өсім деп сипаттаған.
Бас банкир не деп еді?
Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де тәуекелді азайту үшін қосымша шектеу енгізуге кірісті. Атап айтқанда, банктер қарыз алушының борыш жүктемесін қатаңырақ есептеп, табысын мұқият тексеруге міндеттелмек.
Оған қоса, кепілсіз тұтынушылық несиелер мен микрокредиттердің ең жоғары сомасына шек қойылған, 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға жаңа қарыз беруге тыйым салынған, ал несие бойынша шекті мөлшерлемелер төмендетілген.
Қысқасы, елдегі несие статистикасы қаржы секторының жетістігін ғана көрсетпейді. Оның ар жағында табысы инфляцияға ілесе алмай отырған қоғамның шынайы ахуалы тұр. Ең қауіптісі де осы: қарыз уақытша көмек емес, өмір сүрудің үйреншікті формасына айналып барады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







