Қазақстанда қосылған құн салығының (ҚҚС) шегін 78,6 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендету және оның мөлшерлемесін 20%-ға дейін арттыру бастамасы теріс зардаптарға әкеп соғуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек LS сайтына берген сұхбатында мәлімдеді. Депутат өзгерістер инвесторлардың елден кетуіне және қымбатшылыққа жол ашатынын ескертті, — деп хабарлайды ErtenMedia.
“Жұманғарин ұсынды, алайда шешімді Парламент қабылдайды”
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин көтерген бұл ұсыныстың түпкілікті тағдырына Парламент жауапты екенін айтқан депутат Базарбек жаңа Салық кодексін талқылау әзірге жүріп жатқанын еске салды.
Депутаттың өзі ҚҚС шегін күрт түсіру және мөлшерлемені өсіру шараларын қолдамайтынын ашық білдірді. Оның сөзінше, мұндай маңызды салық саясатын өзгертпес бұрын бизнес қауымдастығымен және аймақтық деңгейде тұрғындармен кең көлемді талқылау өткізу қажет.
Базарбектің пайымдауынша, аймақтарда қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылмаса, кәсіпкерлер де, қарапайым халық та өзгерістерге дайын емес болады. Салықтың өсуі әрдайым ішкі және сыртқы инвестиция үшін тиімсіз фактор саналады, сондықтан бұл қадам экономикаға құйылатын қаржыны азайтып, бизнестің тынысын тарылтуы ықтимал.
Кімге әсер етеді?
Депутаттың ойынша, мұның салдарын ең алдымен қарапайым жұртшылық сезінеді, себебі ҚҚС бағаларға тікелей әсер етеді.
Мемлекеттік бюджет тапшылығын жабудың баламалы жолдары ретінде Базарбек салықтық жеңілдіктерді, инвестициялық ахуалды жақсартуды және жекеменшік серіктестік арқылы капиталды көбейтуді атады.
“Бұл – ең соңғы амал”
Депутат Базарбек ҚҚС мөлшерлемесін көтеру және шегін төмендетуді “ең соңғы амал” деп атады.
Бұған қоса, ол Үкіметтің “бір мезетте нәтижеге қол жеткізуге тырысуы” салық саясатының бірізділігін бұзып, кәсіпкерлердің сеніміне селкеу түсіруі мүмкін екенін жеткізді.