Қазақстанда зейнетақы жүйесін түбегейлі өзгерту мәселесі талқылануда. Сенат депутаты Амангелді Нұғманов зейнетке шығу жасына емес, еңбек өтіліне сүйенетін жаңа үлгіге көшу туралы ұсыныс жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында Нұғманов қазіргі жүйенің тым қатаң екенін, азаматтардың нақты еңбек жағдайларына сай келмейтінін атап өтті. Оның ұсынысы бойынша, әр адам қажетті еңбек өтіліне жеткен соң, зейнетке шығу уақытын өзі таңдай алады әрі бұл шешім үшін экономикалық жауапкершілікті де өз мойнына алады.
«Біз зейнетке шығуды жаспен емес, еңбек өтілімен байланыстыратын жүйеге біртіндеп көшу мәселесін қарастыруымыз керек. Азаматтар өздеріне қажетті еңбек өтілін жинағаннан кейін зейнетке шығу уақытын дербес белгілей алуы тиіс», – деді сенатор.
Депутат мұндай тәсіл қазірдің өзінде әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қолданылып отырғанын мысалға келтірді.
Сонымен қатар…
Ұсыныста еңбекке жарамсыз, бірақ мүгедектік мәртебесі жоқ азаматтардың да мәселесі көтерілді. Сенатордың пікірінше, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен аурулар тізімі бойынша, денсаулығы сыр берген азаматтарға мерзімінен бұрын зейнетке шығу құқығын заңды түрде енгізу қажет. Егер кейін денсаулығы қалпына келсе, медициналық қорытынды негізінде олардың жұмысқа оралуына да мүмкіндік берілуі тиіс.
«Бұл бастама іске асса, жұмыссыздық деңгейі төмендеп, азаматтардың еңбекке жауапкершілігі артады және мемлекеттік бюджет пен зейнетақы жүйесіне түсетін жүктеме азаяды», – деп қорытындылады сенатор.
Нұғманов ұсынысты пысықтау үшін мемлекеттік органдар, сарапшылар, ғалымдар, кәсіподақтар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобын құруды ұсынды. Бұл алаңда теңгерімді әрі қоғам қолдайтын шешімдер әзірленеді деп күтілуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







