АҚШ-тың Мемхатшысы лауазымына ұсынылған сенатор Марко Рубио «Джексон-Вэник түзетулері» деп аталатын, Орта Азия елдерімен саудаға кедергі келтіріп отырған 50 жыл бұрынғы заңды «өткен дәуірдің қаңсығы» деп атады.
Мәлімдеме Сенаттың Сыртқы істер комитетінде өткен тыңдау кезінде жасалды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Рубионың пайымдауынша, Орта Азияның негізгі экономикалық серіктесі саналатын Бейжің Әмірика үшін басты — қауіп-қатердің бірі. Ұлттық қауіпсіздік мәселесінде қатаң позиция ұстанатын сенатор Мәскеу, Тегеран және Пхеньян сияқты «диктаторлық жүйелерді» де соңғы кезде қатаң сынға алуда.
Сенаттың Сыртқы істер комитетінде өткен тыңдау кезінде сенаторлар Рубионың уәжін мұқият тыңдап, сөзін бөлмеуге тырысты. Бұл оның Мемлекеттік хатшы қызметіне бекітілуі ықтимал екенін көрсетіп отыр.
Орта Азия елдері Дональд Трамптың оралуына дайындалып жатқан АҚШ-тың сыртқы саясатында қандай өзгерістер боларын жіті бақылауда. Рубионың тыңдау барысындағы мәлімдемесі аймақ елдеріне үміт ұялатып отыр.
Тыңдау барысында сенатор Стив Дейнс Орта Азиямен арадағы алыс-берісті шектейтін «Джексон-Вэник түзетулерін» алып тастау жолында ұзақ жыл бойы күресіп келе жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадам Қазақстан мен Өзбекстан сияқты елдер үшін аса маңызды.
«Астана пен Ташкент геосаяси ықпалы және энергетикалық ресурстарымен ерекше маңызға ие. Бұл түзетуді алып тастасақ, АҚШ пен Орта Азияның қарым-қатынасы жаңа белеске көтерілер еді. Джексон-Вэник заңының күші жойылған елдерге АҚШ инвесторлары сеніммен қарайды», — дейді сенатор.
1974 жылы қабылданған бұл заң кезінде КСРО құрамында болған елдерде адам құқықтарын қорғауды көздеген. Заң «нарықтық емес экономикасы» бар және эмиграцияны шектейтін елдермен қалыпты сауда қатынастарын жүргізуге тыйым салды. Алайда Қазақстан, Өзбекстан сияқты елдердің қазіргі экономикалық жағдайын ескере отырып, бұл шектеулердің маңыздылығы төмендеді. Қазақстан 2015 жылы, ал Тәжікстан 2013 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болды. Өзбекстан да 2026 жылға қарай ДСҰ-ға қосылуды жоспарлап отыр.
Сенатор Рубион түзетулерді толық алып тастау заң шығарушылардың қолдауын қажет ететінін атап өтті. Ол Қазақстанды нарықтық экономикасы қалыптасқан ел ретінде сипаттап, Астананы «Джексон-Вэник» шектеуінен босату керек деп мәлімдеді.
«Бұл аймақтың дамуына қажетті үлкен қадам болар еді», — деді Рубио.
Оның айтуынша, кейбіреулер бұл заңды адам құқығын қорғау немесе Ресейге қарсы қысым жасау үшін «көзір» ретінде сақтауды қолдайды. Алайда қазіргі уақытта заңның өзектілігі жоғалған. Сарапшылар пікірінше Орта Азия елдері осынау құрсаудан құтылса, аймақтың сауда-экономикалық мүмкіндіктері айтарлықтай кеңеюі мүмкін.
Айталық, Қырғызстан, Украина сияқты посткеңестік елдер бұл шектеуден құтылып, АҚШ-пен қалыпты сауда қатынастарын орнатқан. Бұл мәлімдеме аймақ елдерінің жаһандық экономикада өз орнын тауып, АҚШ-пен сауда қатынастарын дамытуына жаңа серпін беруі ықтимал.