Қазақстанда күн райы күрт бұзылады. Ертеңнен бастап ел аумағына оңтүстіктен шығысқа қарай жылжыған циклон әсер етіп, өңірлерде жауын-шашын көбейеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әсіресе оңтүстік пен оңтүстік-шығыста ауа райы құбылып, қар аралас жаңбыр, боран, көктайғақ пен қатты жел тұрады.
Елдің батысы, солтүстігі және орталық аймақтарында күн райы суытады, бірақ жауын-шашын болмайды. Мұнда антициклон ықпал етеді. Түнде ауа температурасы -20-дан -35 градусқа дейін төмендейді.
«Кейін батыс пен солтүстікте күн сәл жылиды. Түнде -7-ден -20 градусқа дейін, күндіз -2-ден -12 градусқа дейін көтеріледі. Ал орталық, шығыс және оңтүстік-шығыста керісінше, суыта бастайды. Бұл өңірлерде түнде -3-тен -18 градусқа, таулы аймақтарда -15-тен -23 градусқа дейін суық болады. Күндіз 0-ден -7 градусқа дейін, кейбір жерлерде -15 градусқа дейін төмендейді», – дейді «Қазгидромет» мамандары.
Қазірдің өзінде 16 өңірде дауылды ескерту жарияланды. Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және басқа да бірқатар облыстарда қарлы боран, тұман күтіледі. Алматы мен Шымкент қалаларында да жолдар тұман мен көктайғақ салдарынан қауіпті күйде тұр.
Айта кетелік, бұған дейін біз 2026 жылдың үнсіз келген өзгерістері туралы егжей-тегжейлі жазғанбыз. Биыл ел күтетін жаңалықтың көбі қалтаға салмақ салатын өзгерістер.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

