Қазақстанда қараша айында долларды қолма-қол сатып алу көлемі айтарлықтай жоғары деңгейде сақталып қалды. Әсіресе алматылықтардың шетел валютасына сұранысы ерекше артты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, өткен айда елдегі айырбас пункттерінде доллардың таза сатылымы 234,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш, қазан айымен салыстырғанда, 1 пайызға ғана жоғары, бірақ сарапшылардың пікірінше, былтырғы күзден басталған валюталық дүрлікпе әлі басылмағанын көрсетеді.
Ең қызығы, үш ірі қаланың екеуінде шетел валютасына сұраныс төмендеген: Шымкентте сәл ғана азайса, Астанада бірден үштен бір бөлікке қысқарған.
Ал Алматыда жағдай мүлде бөлек: доллар сатып алу көлемі бірден 12 пайызға өсіп, таза сатылым сомасы 103,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш. Абсолюттік тұрғыдан алғанда, осыған ұқсас көлем соңғы рет 2021 жылдың желтоқсанында тіркелген еді. Ал инфляцияны ескерсек, көрсеткіш 2023 жылдан бергі ең жоғары деңгейге шықты. Соңғы бес жылда Алматыда мұндай қарқын сирек байқалған.
Сарапшылар доллар саудасының жандануын қазан айының соңынан басталған теңгенің нығаюымен байланыстырып отыр. Қарашада доллар бағамы орташа есеппен 539,9 теңгеден 522,7 теңгеге дейін арзандаған. Сарапшылардың пайымынша, халық бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, долларды арзан кезінде сатып алуға асыққан. Егер бұл болжам расқа шықса, желтоқсан айында валюта саудасы бұдан да қызуы мүмкін. Себебі доллардың бағамы кей күндері тіпті 500 теңгеге дейін төмендеді.
Ertenmedia бұған дейін бас банкир Сүлейменовтың теңгенің тағдырына қатысты позитив болжамын жария еткен. Оның пікірінше, теңгенің нығаюына Үкімет пен қаржы реттеушілерінің инфляцияны төмендетуге бағытталған бірлескен саясаты маңызды рөл атқарған.

