Алматыда жаңа стадион салынады. Бұл Қазақстандағы ең үлкен спорт аренасы болмақ. 45 мың көрерменге арналған жаңа стадион УЕФА-ның IV санатындағы барлық халықаралық стандарттарға сәйкес салынбақ, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қалалық құрылыс басқармасы хабарлағандай, стадион Медеу ауданындағы Құлжа трактінде орналасады. Спорт кешенінде табиғи көгалды футбол алаңы мен мыңнан астам көлікке арналған автотұрақ қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2027 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда.
Қазіргі уақытта еліміздегі ең ірі стадион Астанадағы «Астана Арена». Оның сыйымдылығы 30 мың орын. Ал Шымкент пен Ақтөбеде 35 мың көрерменге арналған жаңа спорт кешендерінің құрылысы жоспарланып отыр. Демек, Алматыдағы стадион Қазақстанның рекордтық спорт аренасына айналмақ.
Салыстыру үшін айта кетсек, Алматыдағы 45 мың адамдық стадион әйгілі туриндік «Ювентус» клубының алаңы (41 698 көрермен) мен Лондондағы «Челсидің» «Стэмфорд Бридж» стадионынан (42 449 көрермен) да үлкен болмақ.
Бүгінде Алматының басты футбол аренасы – «Орталық» стадион. Онда 23 804 орын бар. Соңғы жылдары бұл алаңға лондондық «Челси», мадридтік «Реал», сондай-ақ, Эрлинг Холанд бастаған Норвегия ұлттық құрамасы келген болатын.
Қала әкімдігі әзірге «Орталық» стадионды қайта жаңғырту жұмыстарына қаржы бөлінбегенін мәлімдеді. Бұл мәселе бойынша қосымша ақпарат кейін хабарланады.
Айтқандай, 2026 жылдың 30 желтоқсанынан бастап Алматыда газ жүргізілген аудандарында қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салынатын болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

