Астанада дипломатиялық корпус өкілдері үшін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысының қорытындыларына арналған брифинг өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шараға Қазақстанда аккредиттелген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 80 өкілдігінің елшілері мен басшылары қатысты.
Кездесу Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, оған Конституциялық комиссия төрағасы әрі Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Азимова, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Республикалық адвокаттар палатасының төрағасы Мәди Мырзағараев және комиссия мүшелері қатысты.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған. Конституциялық комиссия 2026 жылғы 21 қаңтарда құрылып, ал парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылғы қазанда жасақталған болатын. Парламенттік жұмыс тобына депутаттық корпус, саяси партиялар мен сарапшылар қауымдастығынан 33 өкіл кіріп, олар әртүрлі салалардың 130 өкілі қатысқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға барлық ұсыныстарды жолдаған.
Комиссия 12 ашық онлайн отырыс өткізіп, олар шамамен 1 миллион қаралым жинаған. Қоғамдық талқылаулар, тақырыптық жұмыс топтарының кездесулері ұйымдастырылып, жоба екі рет жария талқылауға шығарылған. 13 ақпандағы дерек бойынша азаматтардан шамамен 12 мың өтініш келіп түсіп, олардың елеулі бөлігі жоба мәтінін пысықтау барысында ескерілген.
Брифингте жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаттары таныстырылды. Жоба адамды, оның өмірі мен құқықтарын басты құндылық ретінде айқындайды. Меншік құқығы, тұрғын үйге қол сұғылмаушылық, жеке өмір мен дербес деректерді қорғау кепілдіктері күшейтілген. Азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтары бекітіліп, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиян үшін мемлекеттің конституциялық жауапкершілігі енгізілген. Ратификацияланған халықаралық шарттар мен қабылданған заңдарды міндетті түрде жариялау талабы белгіленген.
Эльвира Азимова жобада Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару нысаны мызғымас құндылықтар ретінде сақталатынын атап өтті. Конституцияға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізілетіні нақты бекітілген. 15 наурыздағы референдум елдің даму бағытын айқындайтын жауапты таңдау күні болмақ.
Контекст
Жоба бір палаталы Құрылтай моделіне көшу және Халық Кеңесін заң шығару бастамасы құқығы бар өкілді орган ретінде бекіту мүмкіндігін көздейді. Оның қызмет тәртібі арнайы Конституциялық заңмен айқындалмақ.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов конституциялық жаңашылдықтар Қазақстанның халықаралық құқық қағидаттарына адалдығын және ұлттық басымдықтарды жаңа кезеңге бейімдеу ниетін көрсететінін жеткізді. Халықаралық шарттар елдің құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде сақталып, міндетті түрде орындалатыны атап өтілді.
Брифинг қорытындысында дипломатиялық корпус өкілдері ұсынылған ақпараттың ашық әрі мазмұнды болғанын атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

