Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов тікелей эфир барысында қазіргі әкімдерге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жақында журналистер депутат Ринат Зайытовтан «жыл әкімі» атануға лайықты әкімдерді сұрағанда, ол Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевты, Абай облысының әкімі Берік Уәлиді және Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті атаған болатын. Мұрат Әбенов бұл пікірді толық қолдайтынын мәлімдеді.
Әбеновтің сөзінше, соңғы уақытта әкімдердің қатарына кеңестік идеологияның шеңберіне сыймайтын, жаңаша ойлайтын жас буын өкілдері келе бастады.
– Бұрынғы әкімдер жоғарыдағы басшылармен келісіп алмай, ешбір мәлімдеме жасамайтын-ды. Артық сөз айтуды жөн көрмейтін, алайда халық алдында есеп бергенде өтірікті шындай етіп жеткізетін қасиеттері болды. Қазіргі жас әкімдерде еркіндік бар, олар регламентке байланып қалмайды, жауапкершілікті өз мойнына ала алады. Ең бастысы, бұл әкімдер қазақы ортадан шыққан, елмен тіл табысып жұмыс істей алады, – дейді Мұрат Әбенов.
Сондай-ақ, ол өз тарапынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалаған Астана қаласының әкімін де іскер басшылардың қатарына қосатынын атап өтті.
Осы ретте Ertenmedia тарапынан іскер әрі халықпен етене жұмыс істейтін әкімдердің қатарына Маңғыстау облысының басшысы Нұрдәулет Қилыбайды да қосуға болады. Жақында ғана Нұрдәулет Қилыбай түні бойы халықты қабылдап, азаматтардың сауалдарына тікелей жауап берді. Бұл оқиға Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет орын алды деуге толық негіз бар.
Жалпы, орталық билік бұған дейін Маңғыстау облысын басқаруға аса тәжірибелі, жоғары қызметте әбден ысылған кадрларды жіберетін. Ал Нұрдәулет Қилыбайды әкім ретінде тағайындағанда, оның өңірдегі теміржол саласын басқаруда табысты жұмыс атқарғанын басты назарға алған тәрізді.
Әлеуметтік желілерде қарапайым теміржолшылар Қилыбайдың облыстық теміржол саласын басқарған кезінде халыққа көптеген игі істер жасағанын жарыса жазып жатыр. Бұл халықтың әкімге деген сенімі мен ризашылығының айқын дәлелі.

