ҚазТАГ пен Freedom Finance арасындағы дау ақпарат алаңынан сот залына қарай ойысты. Бір тарап іскерлік беделінің тапталғанын дәлелдесе, екінші тарап сөз бостандығына жасалған қысымды алға тартып отыр деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқиғаның бастауы биылғы жылдың наурыз айында жатыр. Сол уақыттан бері ҚазТАГ агенттігі «Фридом Финанс» брокерлік компаниясына қатысты қаржы алаяқтығы, клиенттер ақшасының офшорға шығарылуы, сондай-ақ брокерлік қызметтің «қаржы пирамидасына» айналуы туралы 150-ден аса материал жариялап үлгерген.
Агенттік жариялаған материалдарда компания басшылығы мен иесі Тимур Турловқа ауыр айып тағылып, азаматтардың ақшасы америкалық биржаларға мүлде жетпегені, брокерлік компанияда АҚШ биржаларында сауда жасау лицензиясы жоқ екені айтылған.
Аталған айыптауларға заңгер Светлана Оралбаева мен азаматша Жанна Капарованың мәлімдемесі негіз болған еді.
Лукьяновтың уәжі қандай?
Freedom Finance басқарма төрағасы Сергей Лукьянов агенттік таққан айыптарға нақты жауап берген болатын. Оның айтуынша, FFIN Brokerage Services клиенттерге қызмет көрсеткен уақытта өз юрисдикциясының лицензиясына сай әрекет еткен және шетелдік клиенттермен жұмыс істеуге толық құқығы болған.
«Америкалық биржада тікелей қатысушы болу міндет емес. Әлемдік тәжірибеге сай, клиент тапсырыстары субброкерлер тізбегі арқылы АҚШ-тағы биржалардың тікелей мүшесі болып табылатын брокерге жеткізіледі. Біз барлық құжаттарды алып, мәмілелердің шынайы жасалғанын тәуелсіз деректермен тексеріп, растадық. Мұны ресми түрде дәлелдеуге де дайынбыз», – деп атап өткен еді Лукьянов.
Компания осы туралы нақты ресми құжаттарды ұсынғанымен, ҚазТАГ тарапынан тиісті терістеме болмаған.
Агенттік материалдарындағы айыптаулардың салдарынан компания беделіне және жалпы қаржы нарығына деген сенімге нұқсан келген. Freedom Finance осыған байланысты бейбіт түрде келісуге талпынып, бірнеше мәрте ескерту жасаған, бірақ агенттік тарапынан әрекет көрмегенін мәлімдеген еді.
Ақыр соңы, Freedom Finance Алматы полиция департаментіне агенттік үстінен шағым түсіруге мәжбүр болған.
Нәтижесінде, агенттік басшысы Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасеновке Қылмыстық кодекстің 274-бабы («Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны белгілі.
Световой мен Бековтің ісіндегі күнгей мен көлеңке
Агенттік таратып отырған тағы бір резонансты тақырып компанияның бұрынғы қызметкері В. Световойдың ісі бойынша жүріп жатқан сот процесі. Петропавл қалалық соты Freedom Finance-ты ресми түрде жәбірленуші тарап деп таныған болатын.
Компанияның бұрынғы қызметкері Т.Беков туралы мәлімет те назар аударарлық. Бұған дейін агенттік таратып келген «Бековтың алаяқтығы» туралы ақпаратты құқық қорғау органдары растамаған. Маусым айында прокуратура бұл істі тоқтатып, ақырғы нүктесін қойған.
Айтқандай, Бековтың Қапароваға қарсы моральдық шығынды өтеу жөнінде сотқа шағым түсіргені белгілі болды.
ҚазТАГ агенттігінің әрекеті «сенсациялық» тақырыптарды жариялау арқылы оқырманның санасына манипуляция жасауға ұмтылыс ретінде бағалануда. Мысалы, агенттік «бас редактор Әмір Қасенов азаптауға ұшырады» деген ақпаратты таратқанымен, бұл дерек Алматы полиция департаменті тарапынан толық жоққа шығарылған.
Қасеновтің қамалуы мен полицияның түсініктемесі
Ал 23 желтоқсанда Астана қаласы полиция департаменті тергеу амалдарының нәтижесінде Әмір Қасеновты ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамағанын ресми түрде растады.
«Тергеу амалдары кезең-кезеңімен, Қылмыстық-процестік заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізілді. Жинақталған материал мен тергеудің қазіргі сатысын ескере келе, 23 желтоқсанда ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы ұсталып, Астана қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген ресми мәлімдемеде.
Тергеу барысы толығымен Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сәйкес жүргізілуде. Қосымша ақпарат осы кодекстің 201-бабына сай жариялауға жатпайды.
ҚазТАГ пен Freedom: ақпараттық текетірестің түп-төркіні мен дәлелдер тексерісі

