Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттердің жеке мәліметтері тағы да әлеуметтік желіге таралып кетті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
КТК-ның дерегінше ашық қолданысқа шыққан құжаттарда студенттердің аты-жөні, факультеттері, тәртіп бұзғандығы туралы мәліметтер, тіпті медициналық диагноздары бар.
Студенттердің жеке деректері мен медициналық анықтамалары алдымен университеттің чаттарына, одан әрі әлеуметтік желіге тараған. Олардың кім арқылы және қандай мақсатпен таралғаны әзірге белгісіз.
«Бұл жағдай бірінші рет емес, бұған дейін де қайталанған. Университет қабырғасында мұндай ақпараттың сыртқа таралуы студенттің жеке өміріне қол сұғу деп есептеймін. Біз жаспыз, қателік жасаған болармыз, бірақ оны бүкіл елге жайып салу дұрыс емес», – дейді студенттердің бірі.
Тағы бір студент: «Жеке ақпаратты тарату жеке өмірге қол сұғу. Мұндай нәрсеге жол берілмеуі керек. ҚазҰУ беделді университет, мұндай жағдай орын алуы өте ұят», – деп ашынды.
Оқу орны не дейді?
Университет басшылығы жағдай туралы әлеуметтік желіден білген. Ректорат ақпараттар күнделікті мониторинг аясында жиналатынын, бірақ өте құпия сақталатынын айтты.
«Ситуациялық басқару қызметіміз студенттердің жағдайын, тәртіп бұзушылықты, жедел жәрдем шақыртуларын үнемі қадағалап отырады. Бұл ақпарат өте тар шеңберде ғана талқыланып, сыртқа шықпауы тиіс еді», – деді ҚазҰУ бірінші проректоры Еркін Дүйсенов.
Университетте студенттердің жеке деректеріне тек ситуациялық басқару қызметкерлері ғана емес, сондай-ақ медициналық көмек көрсететін дәрігерлер де қол жеткізе алады. Ақпаратты кімнің таратқанын енді прокуратура анықтайды.
Алматы қаласының прокуратурасы аталған дерек бойынша тексеріс бастады. Тексеру нәтижесінде студенттердің жеке деректерінің таралуына жауапты адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Еске салсақ, екі жыл бұрын университетте осындай үлкен жанжал болған еді. Ол кезде студент қыздардың медициналық құпиясы әлеуметтік желіге тарап, шу шыққан. Тергеу нәтижесінде кінәлі дәрігерлермен келісімшарт үзілген болатын. Бұл жолғы даудың соңы қалай аяқталары әзірге белгісіз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







