Қазақстанда биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке салық түсімдері 3 триллион теңгеге ұлғайып, 19,3 триллион теңгені құрады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет отырысында баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қазына кірісінің былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 18,2 пайызға артқанын мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі экономикалық сын-қатерлерге қарамастан салық түсімдерінің молаюына жүргізілген реформалар шешуші ықпал еткен.
Қосымша құн салығының серпіні
Министр түсімдердің ұлғаюына қосымша құн салығы негізгі қозғаушы күш болғанын алға тартты. Осы салық түрі бойынша түсімдер бірден 37,3 пайызға көбейген.
Атап айтқанда, отандық өндіріс тауарлары бойынша қосымша құн салығының түсімі 54,1 пайызға өссе, импорттық өнімдерден түскен салық 23,9 пайызға артқан.
Серік Жұманғарин қабылданған шаралардың мемлекеттік қаржының тұрақтылығына оң әсер еткенін атап өтті.
«Салық реформасы бюджеттің кіріс базасын нығайтудың негізгі факторына айналып, ағымдағы сын-қатерлер жағдайында да түсімдердің елеулі өсімін қамтамасыз етті. Нәтижелер қабылданған шаралардың фискалдық тиімділігінің жоғары екенін және мемлекеттік қаржы тұрақтылығының артқанын көрсетуде», – деді министр.
Кәсіпкерлер құрылымы мен көлеңкеден шығу
Үкіметте салықтық өзгерістер аясында бизнес саласындағы құрылымдық өзгерістер де сөз болды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қосқанда, елдегі кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 32,5 пайызға көбейіп, 3,2 миллионға жеткен. Ал жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін ҚҚС төлеушілер саны 28 пайызға артты.
Жаңа режимнің енгізілуі азаматтардың көлеңкелі экономикадан шығуына жағдай жасады. Қазіргі уақытта 981 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелсе, олардың 807 мыңы салық есебіне алғаш рет тұрған.
Тоғыз ай ішінде 277 мың жаңа бизнес субъектісі тіркелсе, 356 мың жеке кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан. Серік Жұманғарин кәсіпкерліктердің жабылуы олардың жұмысын толық тоқтатқанын білдірмейтінін, жабылған кәсіпкерлердің 42,6 пайызы былтыр мүлдем табыс таппағанын, ал 20,8 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамту режиміне ауысқанын нақтылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







