Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайлар кезең-кезеңімен абаттандырылып, туристер мен тұрғындарға жайлы демалыс орындарына айналады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов №6 және №7 жағажай аумақтары мен Алматы демалыс аймағында болып, жобалау жұмыстарымен танысты. Әкім жобаны дайындаушылармен бірге жағажайларды абаттандыру жоспарын талқылап, бірқатар нақты ұсыныстар мен өзгерістер енгізді.
Қала басшысы алдымен жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды бұзбай, керісінше сақтай отырып, жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, жағажайларды көгалдандыру ісінде Алматыдағы Ботаникалық бақтың мамандарымен бірлесіп әрекет ету қажеттігін ескертті.
– Құмды аумақта кез келген ағаш пен бұта жерсіне бермейді. Сондықтан мамандармен ақылдасып, жергілікті табиғи ерекшеліктерге сай өсімдіктерді таңдауымыз қажет, – деді Асхат Бердіханов.
Сонымен бірге, қала әкімі бизнес нысандарының көлемі қайта қаралып, жағажайдағы санитарлық талаптарға ерекше көңіл бөлу керектігін баса айтты. Әжетханалар, киім ауыстыратын бөлмелер мен душтар санитарлық-гигиеналық талаптарға толық сай болуы тиіс. Әжетханаларды күтіп ұстау шығындарын ескере отырып, олардың ақылы негізде жұмыс істеуі жоспарлануда.
Жағажайлардағы ойын алаңдары, спорттық аймақтар, воркаут алаңдары, әткеншектер, тапшандар мен шатырлар сапалы әрі берік материалдардан салынуы керек. Қонаевтағы жиі соғатын желді ескерген әкім барлық конструкциялар мен нысандардың ауа райының қолайсыздығына төзімді болуын тапсырды. Сонымен қатар автотұрақ аумағын кеңейтіп, жарықтандыру жүйесін бірізді стандартқа келтіру қажеттігі де айтылды.
Жаз мезгілінде су деңгейінің төмендеу мүмкіндігі ескеріліп, жеңіл конструкциялар орын ауыстыруға ыңғайлы етіп салынбақ.
Жоба аясында жағажай аумағында туристерге қызмет көрсететін визит-орталық салынады. Барлық нысандардың дизайны бірыңғай концепция негізінде әзірленіп, жағажайларда қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Ол үшін медициналық пункт пен полиция бекеті орнатылып, бейнебақылау камералары қойылады.
Алматы демалыс аймағын аралау барысында да Асхат Бердіханов бұл аумақты дамытуға қатысты нақты сын-ескертпелер айтып, жобаның қосымша пысықталуын тапсырды. Әкімнің барлық ескертулері мен ұсыныстары қайта қаралып, қажетті түзетулер енгізіледі.
Жалпы алғанда, аталған жұмыстар Қонаев қаласының жағажайларын туристер мен тұрғындар үшін қолайлы, жайлы әрі қауіпсіз демалыс орындарына айналдыруға бағытталған.
Таяуда Қонаев қаласында өткен жастарға арналған маңызды кездесу еңбек көші-қонына қатысты өзекті мәселелерді қозғады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

