Қонаев қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі жүруде, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін қаладағы қоғамдық көлік паркі толық жаңартылып, қала мен ауылдар арасындағы қатынасты қамтамасыз ететін жаңа бағыттар іске қосылған.
Бұрын Қонаевта тоғыз маршрут бойынша 28 автобус қатынаса, бүгінде бұл көрсеткіш артты. Қосымша бір маршрут ашылып, бес жаңа қоғамдық көлік желіге қосылды. Жаңадан іске қосылған бағыт Қонаев қаласын Кербұлақ ауылы және Ақөзек ауылымен байланыстырады.
Қалған төрт автобус қалаішілік бағыттарға бөлінді. Қазіргі таңда тұрғындарға жалпы 33 автобус қызмет көрсетіп отыр. Оның алтауы қала ішінде, бесеуі елді мекендерге қатынайды.
Өткен жылы қала әкімдігінің қаулысына сәйкес, Қонаев аумағында әлеуметтік маңызы бар тұрақты жолаушылар тасымалына сараланған тарифтер бекітілді. Қалалық қоғамдық көлікте электрондық билет жүйесі немесе ұялы байланыс операторы арқылы төлем жасалған жағдайда жолақы 120 теңге, қолма-қол төлем кезінде 200 теңге болып белгіленді.
Қонаев-Заречный және Қонаев-Арна бағыттарында электрондық төлем 150 теңге, қолма-қол төлем 300 теңге. Қонаев-Қосқұдық пен Қонаев-Шеңгелді бағыттарында электрондық төлем 200 теңге, қолма-қол төлем 400 теңге. Ал Қонаев-Сарыбұлақ, Қонаев-Кербұлақ және Ақөзек бағыттарында электрондық төлем 200 теңге, қолма-қол төлем 500 теңге болып бекітілген.
Сонымен қатар жолаушылардың жекелеген санаттары үшін жеңілдіктер қарастырылған. Студенттерге, мектеп оқушыларына және зейнеткерлерге жолақысының 50 пайызы көлемінде жеңілдік беріледі. Ал көпбалалы аналар, I, II және III топтағы мүгедектігі бар азаматтар, 18 жасқа дейінгі ерекше қажеттілігі бар балалар мен оларды алып жүретін адамдар қоғамдық көлікті тегін пайдалана алады.
Былтыр қалада 16 жаңа аялдама пайдалануға берілді. Жаздық және қысқы аялдамалар толық цифрландырылып, бейнебақылау камераларымен, бағыттар көрсетілген экрандармен және ауа желдеткіштерімен жабдықталған. Өзгерістердң бәрі Қонаев қаласында қоғамдық көлік қызметінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
Өткенде Қонаев қаласында заңсыз айналымға түскен тауарлар ресми түрде жойылған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

