Қонаев қаласының 2026 жылға арналған даму жоспары нақтыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биылғы міндеттер қаланың инфрақұрылымын кешенді жаңартып, ауылдық аумақтардың дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы хабарлағандай, негізгі басымдық қаланың кешенді даму жоспарын жүзеге асыру. Биыл «Арна» қосалқы электр станциясының құрылысы жалғасып, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жарықпен қамту тұрақталады.
Жол-көлік инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінеді. М.Әуезов көшесі екі жолақтан төрт жолаққа кеңейтіліп, жол қозғалысы жақсарады. Сондай-ақ Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарында ауыз су жүйелері жаңғыртылады. Шеңгелді ауылында көшелер жарықтандырылып, жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша 30-дан астам жобаның құжаттары мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. 10-шағынауданда қоғамдық қауіпсіздік мақсатында учаскелік полиция пункті салынады. «Көшпенділер қалашығын» қайта жаңғырту бойынша да құжаттар дайындалып жатыр.
Қаланы абаттандыру жүйелі түрде жалғасады. №6 және №7 жағажайлар ретке келтіріліп, қоғамдық демалыс орындары көбейеді. Жарықтандыру, шатырлар мен ғимараттардың қасбеттерін жөндеу, жасыл желектерді автоматты суару жүйесі енгізіледі.
Сонымен бірге қала мен ауылдық округте жаңа автобус аялдамалары орнатылып, жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізіледі. «Таңбалы тас» пен «Көшпенділер қалашығын» жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірінің жобасы әзірленеді.
Әлеуметтік сала да назардан тыс қалмайды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жас мамандарға қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта 2026 жылы 69,2 млн теңге бюджеттік несие бөлініп, жас мамандарға көтерме жәрдемақы беріледі.
Осылайша, Қонаев қаласының алдағы жылғы жоспары нақты міндеттер мен халықтың тұрмыс сапасын арттыратын шараларға негізделген. Бұл шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ават ауылында ерекше әрі пайдалы өнім лимон өсіруге арналған заманауи жылыжай кешені іске қосылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

