Қонаев қаласында бірден екі жағажайды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Әкімдік жағажайларды заманауи талапқа сай жарақтандырмақ, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Қонаев қаласы әкімдігінің ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев хабарлады. Оның айтуынша, №6 және №7 жағажайлардағы құрылыс жұмыстарын шомылу маусымына дейін аяқтау жоспарланған.
Жаңа жағажайларда визит-орталық, 50-ден астам кәсіпкерлік нысан, 53 киім ауыстыру орны, 21 санитарлық орын орнатылмақ. Демалушыларға арналған тапшан, шатырлар да бірыңғай дизайнмен бой көтереді. Сонымен бірге балалар ойын алаңдары, воркаут және жағажай спортына арналған алаңдар жасалады. Қауіпсіздік шаралары мен көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмайды.
«Мердігер компания ескірген инженерлік желілерді жаңартады. Барлық құрылыс жеңіл конструкциялар есебінен салынатындықтан, жұмыстар ұзаққа созылмайды», – деді бөлім басшысы.
Жағажайға жаяу келушілер тегін кірсе, автокөлік үшін тұрақ ақысы алынады. Ал бизнес орындары сенімгерлік басқару арқылы кәсіпкерлерге жалға беріледі.
– Бұл жағажайларда бірнеше жылдан бері қызмет атқарып жүрген 40 кәсіпкер бар. Олардың барлығына да бұрынғы орындарын бұзып, алып тастау қажеттігі ескертілді. Қазір демонтаж жұмыстары жүріп жатыр. Заң талаптарын толық сақтаған 25 кәсіпкермен бес жыл мерзімге келісімшарт жасалды. Қалғандары талаптарды орындаған соң келісімшарт жасау мәселесі қайта қаралады, – деді Тимур Ақмырзаев.
Сонымен қатар, ол қаланың солтүстік бағытындағы жағажайдың да абаттандырылатынын атап өтті.
– Тұрғындар мен туристерден жағажайлардың санитарлық жағдайына байланысты шағым көп түсті. Осыны ескеріп, абаттандыру жұмыстарын қолға алдық. Халықтың көңілінен шығады деп сенеміз. Негізгі мақсат – таза, жайлы әрі заманауи демалыс орнын қалыптастыру, – деді бөлім басшысы.
Айта кетейік, өткен жылы Қонаев қаласында инвестициялық қаражат есебінен №5 жағажай абаттандырылып, пайдалануға берілген болатын. Алдағы уақытта барлық коммуналдық жағажайлар кезең-кезеңімен жаңартылмақ.
Сәтбаев университетінің ғалымдары қоршаған ортадағы механикалық тербелістерді электр энергиясына айналдыратын шағын әрі тиімді құрылғы әзірлеуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







