Қонаевтағы «ASP Аренада» дрифт жарыстарының маусымы ашылды. Алғашқы жарыс қорытындысы бойынша автоспорт шеберлері арасынан Петр Бородин жеңіс тұғырынан көрініп, бірінші орынға ие болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Евгений Васкин тартысты бәсекеде екінші орынды иеленді. Дегенмен бұл күні тек жарыс нәтижесі ғана емес, спортшылардың ел өміріндегі маңызды саяси науқан – республикалық референдумға қатысуы да ерекше маңызға ие болды.
Жарыс аяқталған соң автоспортшылар бірден референдум учаскесіне аттанып, өз таңдауын жасап, ел болашағына бейжай қарамайтындықтарын көрсетті. Бұл олардың тек спортта ғана емес, азаматтық өмірде де белсенділік танытып, қоғамға үлгі бола білетінін дәлелдеді.
Жеңімпаз Петр Бородин автоспорттағы тәжірибесімен бөлісе отырып, спорт пен қоғамдық өмір арасындағы тығыз байланысқа ерекше назар аударды:
– Дрифт-шоу облыс орталығындағы ең тартымды әрі қызықты шаралардың бірі. «ASP Арена» кешені үнемі мәдени-спорттық іс-шараларға толы болады. Бұл жерге автоспортты сүйетін мыңдаған жанкүйер жиналып, ерекше атмосфера қалыптасады. Бірақ бүгін біз үшін бұл күннің маңызы ерекше. Жарысымызды аяқтай салысымен бірден референдум учаскесіне барып, дауыс бердік. Автоспортта әрбір шешім маңызды болатыны секілді, бүгінгі референдумда берілген әр дауыс та – саналы әрі жауапты таңдау, – деп пікірін білдірді ол.
Екінші орын иегері Евгений Васкин де азаматтық белсенділіктің маңыздылығына тоқталды:
– Автоспорт бұл тәртіп, ережеге бағыну мен жауапкершілікті сезінуге үйретеді. Біз командамызбен бірге қаламыз бен еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуға тырысамыз. Бүгін референдумға қатысып, өз дауысымызды бердік. Бұл трассадағы сияқты саналы, жауапты шешім, – деді спортшы.
Осылайша, Қонаев қаласында өткен дрифт жарысы тек спорттық мереке ғана емес, жастардың ел болашағына бейжай қарамай, азаматтық ұстанымын ашық әрі жауапты түрде білдіретін ерекше шараға айналды. Бұл күні «ASP Арена» кешеніндегі атмосфера спорттық бәсеке мен қоғамдық белсенділіктің жарасымды үйлесімін көрсетті.
Айтқандай, ұйқы безінің қабынуына қарсы зерттелген ең тиімді дәмдеуіш – куркума екенін білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







