Жамбыл облысында есірткімен ұсталған ресейлік әнші Navai тағы бір бап бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кеше кешке Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында орын алған атышулы оқиға туралы мәлімет тарады. «Қордай» өткізу бекетінде қызметтік ит елімізге кіріп келе жатқан «Мерседес» көлігіне белгі берген. Салонды тексеру барысында күдікті заттар (кейіннен оның марихуана екені анықталды), сондай-ақ темекі ұсақтағыш пен орама қағаздар табылған.
Шекарадағы ұсталу және серіктестері
Седан тізгінінде Navai деген лақап атпен танымал ресейлік Наваи Бакиров отырған. Шекара қызметінің қызметкерлері оны екі серігімен бірге полицияға тапсырды. Дереккөздің хабарлауынша, орындаушымен бірге Қазақстанға оның концерттік директоры Рауф Гасанов келген, ал сапар барысында олармен бірге отандасымыз Халмұрат Манапов жүрген.
Ресейлік БАҚ кеше түнде Манапов пен Гасановтың босатылғанын хабарлады, құзырлы органдар олардың әрекетіне әлі толық баға берген жоқ. Мәліметтерге сәйкес, олардың бірі есірткіні медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Әншіні қандай жаза күтіп тұр?
Ал Navai-дың жағдайы анағұрлым күрделі. Оның әрекетіне әзірге түпкілікті құқықтық баға берілген жоқ – полиция тергеуді жалғастырып жатыр, үш азаматтың да жауаптары нақтылануда. Осы уақытта музыкант уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал бүгін құзырлы органдар тергеу аяқталғанға дейін оның бұлтартпау шарасын шешуі тиіс. Ол елден кетіп қалуы мүмкін болғандықтан, шетелдіктерге қатысты тәжірибеге сәйкес оны қамауға алу шарасы таңдалуы әбден ықтимал.
Қазір іс «Контрабанда» және «Өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарымен заңсыз жұмыс істеу» баптары бойынша тергелуде. Бұл қылмыстар үшін кінәлі адамға 5 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынуы немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Сонымен қатар, Бакировқа 608-бап – «Көлік құралын есірткілік масаң күйде басқару» бойынша әкімшілік құқық бұзушылық тағылуы мүмкін. Сараптама нәтижесіне сәйкес, әншінің қанынан тыйым салынған заттар анықталды. Бұл құқық бұзушылық үшін ол 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынуы ықтимал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







