Президент Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында әскердегі сарбаз өлімі мәселесіне ерекше тоқталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент бейбіт уақытта әскер қатарында жүрген сарбаздардың қаза болуы өте ауыр әрі еш ақтап алуға болмайтын жағдай екенін қадап айтты.
«Жақында барлық күштік құрылым басшыларын жинаған жиында осы мәселені арнайы көтеріп, Қорғаныс министрлігі басшылығына қатаң сын айттым. Әскери тәртіп пен тәрбиелік жұмысқа лайықты көңіл бөлінбеген.
Әскер жастарды шыңдайтын, өмірлік ұстанымы мен азаматтық қасиетін қалыптастыратын мектеп. Офицерлер мен командирлер сарбаздарға әр ісімен үлгі болуы керек. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдық пен жершілдікке мүлде орын жоқ.
Бұған жеке өзім бақылау жасаймын. Жағдайды түзеу үшін жедел шаралар қабылдауға тапсырма берілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Блогерлер мен белсенділерге бағытталған сын
Оның айтуынша, әскердегі жағдай жалпы алғанда бақылауда, тәртіп пен ұйымдастыру деңгейі жақсы.
«Өкінішке қарай, кейбір блогерлер мен белсенділер оқырман жинау үшін әскердегі жағдайды әсірелеп, күн сайын сарбаздар қаза болып жатқандай ақпарат таратып жүр. Мұның ақиқатқа мүлде қатысы жоқ. Әскер жастарға жаңа мүмкіндік ашатын, мамандық беріп, болашағын қалыптастыратын орын. Әскер қатарынан оралған жастар колледж бен университеттерде тегін білім алуға құқылы. Сарбаздар қызмет барысында еңбек нарығына аса қажет мамандықтарды игереді. Ал келісімшартпен қызмет етушілер мен офицерлердің әлеуметтік кепілдігі де жоғары», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскердегі қатаң тәртіп пен талап өмірлік қажеттілік екенін айтты.
«Әскери анттағы «әскери қызметтің қиындығына төзу» деген сөз өмірдің өзі секілді қатал, бірақ шынайы. Бүгінгі басты міндетіміз әскердің беделін арттырып, қорғаныс қабілетін күшейту. Армия технологиялық тұрғыда жаңғырып, әскери әлеуетіміз артып келеді. Былтыр Жеңістің 80 жылдығына арналған парад халықаралық деңгейде жоғары баға алды. Онда әскеріміздің заманауи қару-жарақпен қамтылғанын және сарбаздардың кәсіби дайындығын бүкіл әлем көрді. Біздің әскери бөлімдеріміз қазір халықаралық жаттығуларда да жоғары деңгей көрсетуде», – деп атап өтті ол.
Контекст
Айта кетелік, бұған дейін Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов әскердегі сарбаз өлімі және солдат аналарының наразылығына қатысты пікір білдірген.
Тілшілер министрден әскер қатарындағы ай сайын тіркеліп жатқан сарбаз өлімі мен ашынған аналардың қарсылығына қандай шара қолданылатынын сұраған болатын. Қосанов әлгі сауалға таңғалып, әзір армияда мұндай жағдайдың жоққа тән екенін айтқан-тұғын.
«Не дейсіз? Сарбаз өлімі? Мұндай жағдай қазір сиреді ғой, оны қайдан алдыңыздар?» – деген еді таңданысын жасыра алмаған Қорғаныс министрі.
Айта кетелік, бұған дейін Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысты пікір білдіріп, төңкерістің артында тұрған тұлғаларға тоқталған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

