«Қазақстан теміржолы» АҚ бұрынғы президенті, белгілі кәсіпкер Ерлан Атамқұлов компаниядағы заңсыздықтар қалай басталғанын әшкереледі, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Атамқұлов теміржол саласына 2002 жылы келген. Ол Назарбаевқа туыстық қатысы жоқ екенін айтқанымен, Тасмағамбетовпен жақындығын жоққа шығармады. Тіпті ҚТЖ-ға келуіне оның да бір әсері болғанын жеткізді.
«Ол кезде премьер-министр бір жағынан досым, бір жағынан құдам — Иманғали Тасмағамбетов. Ол да мүмкін сұраған шығар (менің бұл қызметке келуіме Назарбаевтан рұқсат сұраған шығар — еск.). Ол кезде теміржолдың жағдайына өзгерістер кіргізу керек еді. «Ерлан, нарық жолдарын білесің. Теміржолды көтеру керек» деді», — деді Атамқұлов Abay Live-қа.
Назарбаев 2005 жылы Қайрат Сатыбалдыны ҚТЖ-да белді қызметке тағайындаған. Атамқұловтың сөзіне сенсек, осы кезден бастап Сатыбалдымен екеуінің арасында талас, дау басталған.
«2005 жылы 13 қазанда менің туған күнім, Президент хабарласты. «Ағамыз туған күнімен құттықтауды ұмытқан жоқ» деп қуанып қалдым. «Ерлан, саған бір сыйлығым бар. Саған бүгін орынбасар болып Қайрат Сатыбалды келеді» деді. Он айдай теміржолда жұмыс жүрді ғой. Бірақ көп нәрсеге кедергі жасап, көп нәрсеге кірісіп, 2006-2007 жылы тек сонымен күрес болды. 2006 жылы тамыз айында екі қағазбен Президенттің алдына бардым. Бір қағазда бүкіл жағдай, Қайрат не істеп жатыр, Қайрат қайда кірісіп жатыр, бір жылдың ішінде бұл жолмен жүрсек, қандай нәтижеге жетеміз деген (есеп болды — еск.), екінші қағаз — менің жұмыстан кету туралы қолхатым. Ол бәрін оқып шықты, бір-екі сұраққа жауап бердім. Сонда хатшысына «Қайратты қос» деді. Қайратқа «бүгіннен бастап теміржолда істемейсің. Сен енді Көлік министрлігіне министрдің орынбасары болып барасың» деді. Ол ашуланып, даусын көтеріп, «ешқайда бармаймын» деп тұтқаны тастай салды. Бірақ мен теміржолға офисіме келгенде Қайрат болған жоқ. Бірақ 10 айдай мен оған жол берген жоқпын, ол маған да тиімді жұмыс істеткізген жоқ. 2006 жылдан бастап президентке жамандатты. (…Қайрат Сатыбалды — еск.) «Ерлан, бәрін есептедік. 4 жылдың ішінде 600 млн. доллар ұрлапсың. Соның 300 миллионын қой, жұмыстан кетемін» деді. «600 миллион доллар ұрласам бұл жерде отырмайтын едім ғой» дедім», — деді ол сұхбатында.
Атамқұловтың сөзінше, ҚТЖ-да ақша жымқыру процесі 2009 жылдан басталған. Ол кезде премьер-министр Мәсімов, теміржолдың бастығы Мамин болған. Сондай-ақ, ҚТЖ-дағы былыққа Тимур Құлыбаевтың да қатысы бар болып шықты.
«2009 жылдан бастап «Қамқор» деген холдинг құрғанда, ол холдинг бүкіл теміржолды жөндеу жұмыстарымен, вагон жөндеу, вагон сервисімен байланысты (болды — еск.). (Бұл — еск.) — ең көп ақша жымқырудың жолы. Мысалы, 2007 жылы локомотив сервисті, локомотив жөндеу жұмыстарын 10 мың долларға жасасақ, олар 20-25 мың долларға жасайды. Бұл — Тимурдың компаниясы. Бірақ Қаңтардан кейін былықтары шығады деп орыстарға сатып жіберді», — деді Атамқұлов.
ҚТЖ-ның экс-президенті қазір компанияның талан-таражға түсуіне 7-8 топтың ықпалы болып отырғанын айтты.
«Қазір бір өкінішті жағдай, 7-8 топ талан-таражға салып отыр. Оның ішінде Тимур бар, оның ішінде Маминнің адамдары да бар, бір-екі әкімнің адамдары бар. Қаржыны бір топ, вагон бөлу бір топ, локомотивтің жұмыстары бір топ, жанармай бір топ, жолаушы тасымалдау бір топ. 7-8 топ қазір еш нәрседен қорықпай, мемлекеттік ақшаны, теміржолдың ақшасын талан-таражға салып отыр», — деп түйіндеді әңгімесін ол.
Бұған дейін Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның қарызы шамамен 3 триллион теңгеге жеткенін айтты. Ол ҚТЖ-ға банкрот қаупі төніп тұрғанын да ашық мәлімдеді.
«Соңғы 4 жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге бөлінген, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд. теңге жұмсалған. Бұл экономиканың жүктер мен жолаушыларды тасымалдау қажеттілігін үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып шықты. Салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған. …Бүгінде ҚТЖ өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредит қаупінің «қызыл» аймағында тұр. Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңге болды, ол әлі де өсіп жатыр. Жалпы борыштың 45 пайызы немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын алынған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған», — деді ол.
Артынша мәселеге белгілі экономист Олжас Құдайбергенов пікір білдірді.
«Смайылов премьер болған кезде ҚТЖ туралы біраз сын айтты, мақтағаны да бар. Әрине, қазіргі проблемалар көбіне Мамин кезінде туындады. Бірақ енді Жоғарға аудиторлық палатаға келген соң (Смайылов — еск.) осындай критиканы неліктен айтқаны түсінікті. Смайыловтың толық есебін қөрсеңіз, ол жерде біраз жақсы ұсыныс бар. Көбі — өзі премьер болған кезінде қолдаған ұсыныстар. Тек екі оймен келіспеймін: банкрот болатынына, сосын ҚТЖ-ны сыртқы басқаруға беруге», — дейді Олжас Құдайбергенов.