Қостанайда өткен «Ақ жол» партиясының барлық деңгейдегі депутаттарының форумы биылғы саяси маусымның маңызды оқиғасына айналды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиынға еліміздің әр өңірінен халық қалаулылары, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері қатысты. Олар елдің дамуы, кәсіпкерлікті қолдау және өңірлердегі өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылады.
Партия төрағасы Азат Перуашев форум барысында белсенді партия мүшелеріне мемлекеттік және партиялық марапаттар табыстап, олардың аймақтардағы белсенді еңбегін жоғары бағалады.
Форумның негізгі мақсаты – партияның саяси жауапкершілігін арттыру және өңірлердегі халықтың мүддесін қорғау жолында нақты істерді атқару.
Қазір «Ақ жол» партиясы Парламент деңгейінде ғана емес, жергілікті мәслихаттарда да өз ұстанымын айқын білдіріп келеді. Форумда аймақтардан келген депутаттар – Сергей Горяной, Евгений Кинцель, Қайрат Боранбаев, Ержан Хасанов өз өңірлеріндегі бизнесті дамыту, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру бағытындағы тәжірибелерін ортаға салды.
Партия төрағасы Азат Перуашев ел дамуына үлес қосқан азаматтарды құрметтеу партия саясатының негізгі бағыты екенін атап өтті.
Форумда Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Мұхтар Шимиров, Жамбыл облысының кәсіпкері Серік Мақажанов, заңгер Евгений Кинцель, Павлодар облысының өкілі Азамат Өтепбаев және Түркістан облысының депутаты Ардақ Мансұров «Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар жиында партияның жастар қанаты мен аймақтық филиалдарының жұмысы да жоғары бағаланды. Әсіресе, Ханза Насруллаев бастаған жас буын өкілдерінің қоғамдық жобаларды жүзеге асырудағы белсенділігі ерекше аталды. Партияның Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Түркістан облысындағы филиалдары үздік деп танылып, арнайы марапаттарға ие болды.
Қостанайдағы форум «Ақ жолдың» өңірлердегі саясатқа ерекше мән беріп, халықпен тікелей байланыс орнатуға ұмтылып отырғанын көрсетті. Форумда көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта партияның саяси бағдарламалары мен өңірлік бастамаларында жалғасын табады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







