Мәжіліс депутаты Айдос Сарым заңсыз активтерді мемлекетке қайтару ісіне, соның ішінде олигарх Тимур Құлыбаевқа қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутаттың сөзінше, айғақ-дәлелсіз Құлыбаевқа кінә таға алмаймыз.
«Қазір қолыңызға Құран алып, Тимур Құлыбаев қылмыскер деп дәлелдей аласыз ба? Әңгіменің бәрін айта беруге болады. Қазақстанда үш рет заңмен капиталды заңдастыру жүрді. Әр 6 жыл сайын қайталанып отырды. Қазір заңмен тәртіптейміз. Біреуге барып, «ананың күйеу баласы болған екенсің, сотқа барайық» деп айта алмаймыз. Заңсызы қайтып жатыр, Тимур Құлыбаевтың да біраз жері қайтты, біраз мүлкін өзі қайтарып берді. Бұл мәселенің бір шеті ғана. Егер заңды аяққа таптап, ұнамаған адамның бәрін түрмеге тықсақ, тарихтан қандай сабақ алғанымыз, қандай қоғам құрып жатқанымыз?! Ол да болмайды. Өз басым заңсыз, екіншіден, радикалды қадамды қолдамаймын», — дейді депутат Abay Live-қа берген сұхбатында.
Айдос Сарым Ұлыбританияның үлгісін мысалға келтірді.
«Қазақстанда бай адам болуы керек пе, болмауы керек пе? Ұлыбританияда ұлыбританиялық жекешелендіру деген тәсіл бар. Ол жерде де соғыстан кейін байып кеткендер болды, басқалар болды. Үкіметтің мүмкіндігін пайдаланған топтар болды. Соларға ашықтан ашық келіп: «біз сіздің шотыңызда қанша ақша бар, қалай келді, кім араласқанын жақсы білеміз. Келісімге келейік. Сіздің ашқан зауытыңыз жұмыс істей берсін. Салығын төлеңіздер. Бірақ есесіне бес жылда өзіңізге «тағы да сондай зауыт саламын, кәсіпорын ашамын, мектеп саламын немесе бюджетке, арнайы қорға осыншама ақша аударамын» деп өзіңізге міндеттеме алыңыз» деп айтқан.
Осы айырмашылықты сотсыз-ақ өзім шешіп беремін дейтіндер болса, ондай адамға айналайын деуге әзірмін. Мейлі ол Назарбаевтың күйеу баласы болсын, басқаның күйеу баласы болсын. Қызы болсын, ұлы болсын, бәрібір. Назарбаевтың күйеу баласы болғанына тікелей кінәсі жоқ», — дейді ол Abay Live-қа берген сұхбатында.
Мәжіліс депутатының айтуынша, Қазақстанда кедейлер болмауына ұмтылуымыз керек, бірақ байларды тап ретінде большевиктер сияқты жоюға қақымыз жоқ.
«Қазір бізде үлкен инвестициялық проблема бар. Біраз қор жинаған азаматтар да бар. Заң қабылданғалы ішкі инвестициялар құлап кетті. Соның бір себебі — біз қабылдаған заң. Оны да ашық мойындайық. Жұрт қорқып қалды. …Кішкене шыдам керек. Санын айтып бере алмаймын, жабық ақпарат. Бірақ қазір бүкіл кәсіпкермен әңгіме жүріп жатыр. «Сенің, сенің кәсіптеріңе заңды мәселе бар. Мынадай заңдар бұзылған екен. Я сені сотқа береміз, тек Қазақстанның сотында емес, Бельгияның, Францияның, Ұлыбританияның сотында сенімен соттасамыз» дейді. Өйткені біреуі — басқа елдің азаматы, біреуінің штаб пәтері Голландияда тұр. Барынша «айналайындап» сөйлескен тәсіл өтсе, онымен айналысу керек. Сотқа жеткізіп, қамау деген шеткі қадам болуы керек. Ол әңгімелерді білемін. Бұрынғы достарыммен кездескен кезде де көзге басатыны сол: «Құлыбаев неге түрмеде емес, Дариға неге түрмеде емес?» дейді. «Қылмысын дәлелде, отырғызайық» деймін», — деді депутат Abay Live-қа берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекетке 177 млрд теңге көлемінде қаражат қайтарылғаны белгілі болды.
Жасалған келісімдер нәтижесінде шамамен 147 млрд теңге, процестік келісімдер бойынша 19 млрд теңге, активтерді өткізуден 6 млрд теңгеден аса, соттардың шешімдері бойынша шамамен 5 млрд теңге және жылжымайтын мүлікті жалға беруден 165 млн теңгеден аса қаражат түскен.