Алматыда 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметті дамыту бағытында жүргізілген жұмыстар сараланып, әдеп нормаларын сақтау мен алдын алу шаралары күшейтілгені айтылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Мамай Ахетов мемлекеттік қызметте құқық бұзушылықтың алдын алу негізгі басымдыққа айналғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, жыл бойы мемлекеттік қызметшілер арасында Әдеп кодексінің талаптарын түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілген. Тек төртінші тоқсанда ғана мемлекеттік қызметкерлерге, азаматтарға және ұйымдарға кеңес беріліп, көмек көрсетілген. Сонымен қатар ондаған лекция мен семинар ұйымдастырылған.
– Әдеп кодексі қазір формальды құжат емес. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді қалыптастыратын нақты құралға айналды. Қоғам тарапынан ашықтыққа сұраныс күшейіп келеді. Сондықтан біз тек жазалаумен емес, алдын алумен айналысамыз, – деді Мамай Ахетов.
2025 жылы Алматы әкімдігінде бірқатар құрылымдық өзгерістер жүзеге асқан. Экономика және қаржы басқармалары біріктіріліп, тілдер және ономастика бөлімі ішкі саясат саласына берілген. Қалалық мобильдік басқармасы екі бөлек құрылымға бөлінді. Осы өзгерістер аясында 96 мемлекеттік қызметшіге әлеуметтік қорғау бойынша кеңес берілген.
Мемлекеттік қызметке алғаш рет 91 адам қабылданып, оларға арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Ашық дереккөздер арқылы қажетті ақпарат қолжетімді болған.
Мүдделер қақтығысының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылған. Қаланың 25 басқармасы мен 8 аудандық әкімдігінде туыстық байланыстардың қызметтік қатынасқа әсер етуіне жол бермеу тұрақты тексеріліп отыр. Қазіргі таңда мұндай фактілер анықталмаған.
Этикалық және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында ауқымды жұмыс жүргізілген. Жыл ішінде 184 іс-шара, оның ішінде 66 семинар өткен. Мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар, қызметтік мінез-құлық, құмар ойындарға қатысуға тыйым және діни бейтараптық мәселелері түсіндірілген.
– Қызметтен тыс мінез-құлық та кәсіби жауапкершілікке жатады. Құмар ойындары немесе діни қысым мәселесі жеке мәселе емес. Сондықтан бұл бағытта тұрақты түсіндіру жұмыстары қажет, – деді спикер.
Мемлекеттік қызмет істері департаментімен бірлесіп, барлық жергілікті атқарушы органдарда деструктивті діни ағымдардың алдын алу бойынша арнайы кездесулер өткізіліп жатыр.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен кепілдіктерін қорғау, қызметтегі теңдік қағидатын сақтау және кез келген қысым түріне, соның ішінде жыныстық қысымға жол бермеу мәселелері де назарда ұсталған.
Қоғамдық тәртіпке қатысты құқық бұзушылықтарды бақылау да күшейтілген. Талдау Бас прокуратура жанындағы «Талдау орталығының» деректері негізінде жүргізіліп, әрбір басқарма мен аудан әкімдігінің жағдайын нақты бағалауға мүмкіндік берген.
Жалпы, Алматыда мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар тек бақылаумен шектелмей, жүйелі өзгерістер мен алдын алу шараларына негізделіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







