Құс шаруашылығында энергия шығындарын азайтудың маңызы зор, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алайда, жаңа құс қораларын салу немесе бұрынғыларын жаңарту кезінде фермерлер көбінесе құрылыс пен жабдықтарға кететін қаражатты ғана ескеріп, энергия көздеріне жұмсалатын тұрақты шығындарды есепке алмай жатады.
Шын мәнінде, бастапқы инвестицияның өзіндік құнынан гөрі, болашақтағы тұрақты шығындарды азайтуды көздейтін технологияларға басымдық берген әлдеқайда тиімді. Қазіргі кезде газ бен электр энергиясының бағасы күн санап өсіп келе жатқанын ескерсек, бүгінгі таңда қосымша қаржы салып, энергия үнемдейтін құрал-жабдық орнату ертеңгі күні үлкен табыс әкелетіні сөзсіз. Құс қораларында сыннан өткен және тиімділігі дәлелденген заманауи технологияларға тоқталсақ:
Вентиляторларды қолдану
Ауаны бірқалыпты араластырып, айналым жасайтын арнайы вентиляторларды пайдалану энергия шығынын 10-30 пайызға төмендетеді. Сонымен қатар, мұндай жүйе құстың астындағы төсеніш пен ғимарат ішіндегі ауаның сапасын жақсартады.
Жылу оқшаулағышы бар ауа кіргізу клапандары
Төмен сапалы клапандардың орнына жылуды жақсы ұстайтын, полиуретаннан жасалған сапалы клапандарды орнату арқылы энергия шығынын шамамен 10 пайызға азайтуға болады. Бұл клапандар температура өзгерісінен майыспайды, қатып қалмайды және ауаны тиімді өткізіп тұрады.
Құс қорасының өлшемі мен пішіні
Жазы ұзақ әрі ыстық аймақтарда ұзын әрі жіңішке қораларды салған тиімді. Себебі, мұндай пішіндегі қоралар ауаны туннельді желдету арқылы жақсы салқындатып тұрады.
Төсенішті өңдеу
Төсенішті аммиакты азайтатын арнайы құралдармен өңдеу арқылы құс қорасын алғашқы кезеңде аз желдетіп, жылытуға кететін энергияны 30 пайызға дейін үнемдеуге болады.
Жабық камералы жылыту жүйесі
Жабық камералы жылу құрылғыларын пайдалану арқылы энергия шығыны айтарлықтай азайып, ғимараттағы ауа сапасы жақсарады. Мұндай құрылғылар CO2 бөлінісін төмендетіп, ылғалдылықты азайтып, құсқа жайлы микроклимат жасайды. Сондай-ақ, ауаны бірқалыпты таратып, құстардың дұрыс дамуына септігін тигізеді.
Шатыр арқылы ауа беру жүйесі
Шатыры бар ғимараттарда сырттағыға қарағанда шатыр астындағы ауа жылырақ болады. Осы ауаны пайдаланатын арнайы клапандар орнату арқылы жылуға кететін шығынды 10-20 пайызға дейін төмендетуге болады.
Энергия үнемдейтін жарықтандыру жүйелері
Жарықтың аз немесе шамадан тыс болуы құс дамуына кері әсер етеді. Бұрын кең тараған люминесцентті шамдар энергияны 60 пайызға дейін үнемдесе де, тез істен шығады. Сондықтан жарық диодты (LED) шамдарды қолдану әлдеқайда тиімді.
Ыстық су негізіндегі жылыту жүйелері
Құс қорасын ыстық сумен жылытатын, ағаш немесе ауыл шаруашылығы қалдықтарынан алынған биоотынмен жұмыс істейтін жүйелерді пайдалану газбен салыстырғанда жылу шығынын 80 пайызға дейін азайтады. Бұл жүйе бастапқыда қымбат болғанымен, бірнеше жылда толықтай өзін ақтайды.
Айналу жылдамдығы реттелетін вентиляторлар
Вентиляторлардың жылдамдығын азайту арқылы энергияны 30 пайызға дейін үнемдеуге болады. Яғни, жоғары қуатты бір-екі вентиляторды пайдаланғанша, төмен жылдамдықпен жұмыс істейтін бірнеше вентилятор орнатқан тиімді.
Күн және жел энергиясы
Күн панельдері мен жел генераторлары құс шаруашылықтарына қажетті энергияны өндіруге жарамды болғанымен, олардың орнатылуы қымбатқа түседі. Мемлекеттік субсидиясыз бұл технологияларды кеңінен енгізу әзірше қиын. Дегенмен, энергия көздерінің үнемі қымбаттауын ескерсек, алдағы уақытта бұлардың да өз тиімділігін дәлелдейтіні анық.
Қорыта айтқанда, құс шаруашылығында энергияны үнемдейтін заманауи технологияларды пайдалану шығындарды айтарлықтай азайтып, өндіріс тиімділігін арттырады. Сондықтан бастапқы кезеңдегі инвестицияның көлемінен гөрі, оның ұзақ мерзімді қайтарымын есепке алу маңызды. Осы тұрғыдан қарасақ, бүгінгі жасалған қадам ертеңгі табыстың негізі болмақ.

