Алматы облысында саяжай алқаптарын қала мен ауыл елді мекендерінің құрамына енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір бойынша барлығы 677 саяжай қауымдастығы тіркелген. Соның ішінде 2023 жылдан бері 367 алқап елді мекендердің құрамына қосылған. Саяжай тұрғындарының құқықтық мәртебесін айқындауға бағытталған жүйелі қадам.
Саяжайлардың басым бөлігі Қарасай ауданында орналасқан – 203 алқап. Одан кейін Талғар ауданында – 151, Еңбекшіқазақ ауданында – 135, Іле ауданында – 118, Жамбыл ауданында – 21. Қонаев қаласында 9, Алатау қаласында 40 саяжай бар.
2025 жылы төрт елді мекенге 23 бау-бақша қауымдастығын енгізу үшін қажетті қала құрылысы құжаттары дайындалды. Қазіргі кезеңде әкімшілік шекараларды өзгерту процесі жүріп жатыр. Бұл аяқталған соң саяжай тұрғындары ресми түрде ауыл тұрғыны мәртебесін алады.
Қарасай ауданында Көлащы ауылына «Аймөлдір» және тағы бір саяжай алқабын қосу жоспарланған. Сонымен қатар Тұрар ауылына бір, Бекболат ауылына «Саян» бау-бақша қауымдастығы енгізіледі.
Еңбекшіқазақ ауданында Азат ауылының құрамына бірнеше саяжай серіктестігі қосылады. Олардың қатарында «Энтузиаст», «Алмагүл 2», «Арман 2», «Звездочка», «Виктория», «Достық» және басқа да алқаптар бар.
Биыл тағы үш елді мекен бойынша құжаттар әзірленіп, 47 саяжай қауымдастығын енгізу көзделген. Еңбекшіқазақ ауданында Бөлек ауылына «Кировец-37», «Дружба», «Таугүл», «Жетісу», «Есік», «Ромашка» сияқты алқаптарды қосу жоспарланып отыр.
Қарасай ауданында Ұлан және Кемертоған ауылдарының құрамына «Каштан», «Жайық», «Шығыс Агро», «Нұр Плаза», «Нават» және «Алаш Орда» саяжайлары енгізіледі.
Саяжай тұрғындары үшін ең өзекті мәселенің бірі – жердің нысаналы мақсатын өзгерту. Бұл процесс елді мекендердің бас жоспарына және қала құрылысы құжаттарына сәйкес қарастырылады. Яғни жер санатын өзгерту тек жоспарлау талаптарына толық сай келген жағдайда ғана жүзеге асады.
Жалпы, саяжайларды елді мекен құрамына енгізу – инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындардың құқықтық жағдайын нақтылауға және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті арттыруға бағытталған маңызды шара.
Айтқандай, Қонаев қаласында бірден екі жағажайды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Әкімдік жағажайларды заманауи талапқа сай жарақтандырмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







