ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Мәжіліске құны 1800 еуро тұратын италиялық Loro Piana брендінің кепкасын киіп келіп, көзге түсті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қарапайым халық министрдің осыншалықты қымбат бас киімі теміржол саласындағы күрделі ахуал кезінде орынсыз екенін жазуда.
Нұрлан Сауранбаев «Қазақстан темір жолы» компаниясын ұзақ жыл басқарып, осы қызметінде бірқатар өткір мәселелердің түйінін шеше алмаған басшы ретінде де көптің есінде қалған болатын.
Ол компанияны басқарған жылдары елдегі теміржол инфрақұрылымы сын көтермей, апаттардың саны артып, қарыз көлемі еселеп өскен еді.
Бұған қоса, теміржол қызметінің тарифтері жыл сайын көтеріле бергені халықтың наразылығын тудырған болатын.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода министрдің өте қымбат киіммен Парламент ғимаратына кіріп бара жатқанын көруге болды.
Желідегі талқылауларда министр мемлекеттік қызметкер ретінде өзін қарапайым ұстауы тиіс деген талап жиі айтылуда. Қымбат брендтердің мемлекеттік орган өкілдеріне лайық еместігін айтып, мұны этикалық тұрғыдан орынсыз санайтындар баршылық.
Сонымен қатар, теміржолдағы жағдай тұрақталмай, халықтың наразылығы өршіп тұрған шақта, министрдің жеке өміріндегі сән-салтанатқа басымдық беруі сынның одан әрі күшеюіне ықпал етуде.
Қоғамда бұл жағдай мемлекеттік қызметкерлердің этикалық жауапкершілігі мен қарапайымдылық ұстанымдарын сақтауы қажеттігін тағы да күн тәртібіне шығарғаны анық.
Айтпақшы, журналист Бибігүл Дәулетбекқызы Серік Сәпиев төңірегінде болып жатқан оқиғаларға қатысты өз ойымен бөлісті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

