Ұлттық қорға мұнай-газ компанияларынан наурыз айында түскен қаражат көлемі 83 млрд теңгені немесе 175,6 млн долларды құрады. Бұл қор құрылған 2001 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жалпы наурызда Ұлттық қорға түскен барлық түсім 98,1 млрд теңгеге (207,6 млн доллар) жеткен. Оның ішінде мұнай-газ саласынан алынатын салықтар мен міндетті төлемдерден бөлек, компаниялар төлейтін айыппұлдар, сот шешімдері бойынша мемлекетке өтелетін сомалар, бұрын берілген бюджет несиелерінің қайтарымы, мемлекеттік активтерді жекешелендіруден келген табыс, сондай-ақ Ұлттық қорды басқарудан түсетін инвестициялық кіріс те бар.
Жылдың алғашқы үш айында Ұлттық қорға жалпы көлемі 799,5 млрд теңге түскен. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,6 пайызға жоғары көрсеткіш. Наурыздың соңындағы жағдай бойынша, қордың жиынтық қаражаты 37,3 трлн теңгені құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 34,7 трлн теңге еді.
Ұлттық қорға түсетін негізгі түсімдер қатарына пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (ПҚӨС), корпоративтік табыс салығы (КТС) бар. Бұдан басқа ірі жобалар бойынша төленетін роялти, экспорттық рента салығы, үстеме пайда салығы да қорға құйылады. Сондай-ақ өнімді бөлу туралы келісімдер бойынша Қазақстанның алатын үлесі мен бонустары кіреді.
Осы аталған төлемдердің ішінде негізгі бөлігін корпоративтік табыс салығы құрайды. Ал экспорттық баж салығы Ұлттық қорға емес, республикалық бюджетке тікелей түседі. Оның көлемі мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасына тәуелді.
Сонымен қатар, Ұлттық қорға түсетін өзге төлемдер де мұнай бағасына тәуелді болғандықтан, әлемдік нарықтағы қымбатшылық қордың алдағы түсімдерін көбейтуі мүмкін. Бірақ әзірге бұл үрдіс байқала қойған жоқ. Себебі мұнайшылардың төлемдері белгілі бір уақытқа кешігіп түседі. Осылайша, нарықтағы қымбатшылықтың әсері Ұлттық қорға кештеу жетеді.
Forbes Women Kazakhstan журналы алғаш рет Қазақстандағы ең бай 25 әйелдің рейтингін жариялады. Рейтингке енгендердің жалпы байлығы 8,1 млрд долларды құрады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







